Ақтөбеде автомагистральдарды жөндеу жұмысы басталды

Ақтөбеде автомагистральдарды жөндеу жұмысы басталды

Ақтөбе облысында «Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын» бағытындағы тас жолдың қайта жаңартыла бастағаны 27 мамыр күні ресми түрде жария етілді. Қазақстанның батысы мен оңтүстігін байланыстыратын бұл жол «Самара-Шымкент» халықаралық транзиттік дәлізінің құрамына кіретін  маңызды учаскенің бірі. Жөндеу жұмыстары 2028 жылдың соңында толық аяқталуға тиіс. 

Ақтөбе облысы ғана емес, күллі Қазақ­стан үшін стратегиялық маңызы зор жоба жү­зеге асатын болса, «Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұл­­­­ғайсын» бағытындағы тас жол I тех­ни­ка­лық санаттағы төрт жолақты автома­гис­тра­­льға айналады. Қазірдің өзінде бұл ба­ғыт­пен күн сайын ерсілі-қарсылы 15-16 мың­нан астам көлік қатынайды. Қазақ­стан­да жүк тасымалының негізгі маусым­дық шыңы қыркүйек пен қараша айының ара­лығына сәйкес келеді. Сонымен қатар жаңа жыл қарсаңында да көлік нөпірі күрт кө­бейе түседі. Осы аралықта «Ақтөбе-Қара­бұтақ-Ұлғайсын» бағытындағы тас жолдың жүктемесі тәулігіне 18-23 мыңға дейін же­­­теді.
Негізі, ескі жолдың мүмкіндігі тәулі­гіне 6-7 мың автокөлікке ғана шақ­талған. Бірақ қа­зіргі жүктемесі одан 2,5 есе көп. Соның сал­дарынан ескі жол  автокөлік нөпіріне тө­­­теп бере алмай, көлік жүргізу­шілері кеп­те­ліс пен жол апатынан көз аш­пай келеді. Екі жолақты тар әрі қауіпті ба­ғытты қайта жаңарту Қазақстан Пре­зиденті Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдің көлік-логистикалық инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырыла бастады.
«Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын» бағы­тын­дағы тас жолының қайта жаңартыла бастағанын ресми түрде жариялау үшін  27 мамыр күні Ақтөбеге «ҚазАвтоЖол» ҰК»  АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев келді. Ол Ақтөбе облысының әкімі Асхат Ша­харовпен бірге ірі жобаның жұмысын уақытында орындаудың маңыздылығына тоқталды.
– Жоба заманауи инженерлік шешімдер мен құрылыс стандарттарын қолдана оты­рып, автомобиль жолын І техникалық са­натқа ауыстыруды көздейді. Бұл трассаның көлік өткізу қабілетін арттыруға, жол жа­бынының сенімділігін күшейтуге және тран­зиттік әрі жүк көліктерінің қозғалы­сы­на  жағдай жасауға мүмкіндік береді. Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тап­­сырмасына сай Ақтөбе мен Қызылор­да­ның арасындағы тас жолды төрт жо­лақ­ты ірі автомагистральға айналдыруды жос­­­­­­­­­парлап отырмыз. «Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұл­ғай­сын» учаскесі сол ірі жобаның бір бө­лігі. Жоба толық аяқталғаннан кейін бұл бағытта тәулігіне 35 мың көлік өтетін бола­ды, – деді Дархан Иманашев.  
Қайта жаңартылатын жолдың жалпы ұзын­дығы – 262 шақырым. Ресурстарды тиімді пайдалану мақсатында жоба жеті учаскеге бөлінген. Оның  алғашқы 28 ша­қы­рымдық учаскесі дайын. Реконструкция ж­асалған бұл учаске «Самара-Шымкент» тас жолының 791 шақырымынан 819-ша­қы­рымына дейінгі аралықта. Бұл – Ақтөбе мен Хромтаудың арасы. Жаңа жолдың игілігін көре бастаған Хромтау  тұрғын­дары­ның қуанышында шек жоқ.
– Бұрын Жазық бекетінің тұсына кел­генде көлік кептеліп қалатын. Автомобиль көпірі салынғалы бері жол бойында кі­дір­мей­тін болдық. Жолдың сапасы жақсарып қана қоймай, жолаушылардың қауіпсіз­ді­гіне де жағдай жасалып отыр. Ақтөбе мен Хром­таудың арасы 95 шақырым. Жол сай­рап жатыр. Соның арқасында облыс ор­талығына бір сағат болмай жетіп жүрміз. Біз бұл жолды көп күттік, – деді Хромтау қаласының тұрғыны Болат Ашабаев. 
Хромтау – тау-кен өндірісімен таны­мал қа­ла. Инфрақұрылымның жақ­саруы кен­шілер қаласына  инвестор тар­туға жол аша­ды деп көзделіп отыр. «Ақ­төбе-Қара­бұтақ-Ұлғайсын» бағы­тын­дағы авто­ма­гистраль жол бойындағы елді ме­кен­дердің әлеуметтік-экономикалық дамуына да серпін беретін жоба. Өйткені жаңартылған жолдың бойында халық­аралық стандартқа сай келетін жоғары са­натты сервис ны­сан­дары – заманауи жа­нармай стансалары, кем­пингтер мен техникалық қызмет көр­сету орталықтары салынады. Бұл дегеніміз – жаңа жұмыс ор­ны. Жол бойынан ашылатын ло­гис­тикалық хаб­тар мен қоймалар, өндіріс орындары ай­мақтың экономикасына қан жүгіртіп, ең бас­тысы, жол апаты азаяды. 
Алдын-ала мәліметке қарағанда, «Ақ­төбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын» бағытындағы тас жолды қайта жаңарту құны 300 млрд теңгеден астам. Бұл жеті учаскеге бөлінген жобаның толық құны емес. Әзір кей учас­келер сараптамадан толық өтпеген. Сол се­бепті құрылыс құны  өзгеруі ықтимал. Кей деректерде бұл жобаның құны 550 млрд теңгеге дейін жететіні айтылады. Тас жолды қайта жаңарту барысында  құры­лыс­шылар  Ақтөбе облысында өндірілетін материалдарды ғана пайдаланады. Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров «өзге өңірлерден материал тасу қажеттілігі жоқ» деп атап өтті.   
– Бүгін біз Ақтөбе облысы мен бүкіл ел үшін стратегиялық маңызы зор жобаны бас­тап отырмыз. Реконструкция аяқтал­ған­нан кейін елді мекендер арасындағы көлік қатынасы анағұрлым жақсарады. Жол жүру уақыты қысқарады және халық­аралық көлік дәлізінің өткізу қабілеті ұл­ғая­ды. Бұл, әрине, бір жылдық жоба емес. Алдағы үш жылда жол құрылысына облыс­тың мыңнан астам тұрғыны тартылады. Жо­баның жүзеге асырылуы өңірдің көлік-ло­гистикалық әлеуетін арттырады. Бұл кейінгі жылдардағы ең ірі инфрақұры­лым­дық жобаның бірі, – деп атап өтті Асхат Шахаров.
Жалпы, ұзындығы 262 шақырым жолдың алғашқы учаскесі дайын. Құры­лыстың негізгі бас мердігері – «СП Сине Мидас Строй» компаниясы. Бұл Қа­зақ­­­­станның жол құрылыс саласындағы ең ірі және жетекші компанияның бірі. Ав­то­магистральдың алғашқы 28 шақырымын осы компания салған. Қалған 234 шақы­ры­мына конкурс өткізіліп, мердігер компа­ния­лар анықталған. Олар да ел аума­ғын­дағы басқа ірі жобаларда мол тәжірибе жи­наған отандық компаниялар. Мер­дігер­лер  құрылыс-монтаж жұмыстарына кезең-кезеңімен кірісіп кетті. Елдің көлік-логис­тикалық инфрақұрылымын дамытуға ат салысатын бұл компаниялар жобалық-сме­талық құжаттарды әзірлеп, жолды қайта жаңартып қана қоймай, 5-7 жыл бойы жол­ды күтіп ұстауға да жауапты.

Жанна КӨПЖАНОВА,
                           Ақтөбе 

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары