Қытайда адам тектес роботтарды оқытатын алғашқы ұлттық орталық ашылмақ

/
Қытайда адам тектес роботтарды оқытатын алғашқы ұлттық орталық ашылмақ
cурет: istockphoto.com

Қытай шілде айында адамтектес роботтарды оқытуға арналған елдегі алғашқы ірі орталықты іске қоспақ. Шанхай қаласында орналасатын кешеннің аумағы 5 мың шаршы метрден асады және ол Адамтектес робототехника жөніндегі ұлттық инновациялық орталықтың құрамына енеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жаңа алаңда ондаған компания шығарған 100-ден астам робот түрі таныстырылып, оларды нақты өмір жағдайларында оқыту жұмыстары жүргізіледі. Осылайша, бұл нысан Қытайдағы гуманоид роботтармен жұмыс істеуге арналған ең ірі орталыққа айналмақ.

Орталықта үй жағдайы мен өндірістік ортаға ұқсас кеңістіктер жасалады. Роботтар күнделікті тұрмыстық міндеттерді орындауды, өндірістік операцияларды атқаруды және түрлі жұмыс сценарийлеріне бейімделуді үйренеді. Оқыту барысында жиналған деректер жасанды интеллект пен робототехника технологияларын дамытуға арналған ауқымды мәліметтер базасын қалыптастыру үшін пайдаланылады.

Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда робототехника саласындағы негізгі мәселелердің бірі – әртүрлі өндірушілердің роботтары арасында деректердің үйлеспеуі. Өйткені әр роботтың құрылымы, буын саны мен қозғалыс жүйесі әртүрлі болғандықтан, бір роботқа арналған мәліметтер екіншісіне жарай бермейді.

Орталықтың бас директоры Сюй Бинь бұл жобаның бүкіл саланың негізгі инфрақұрылымына айналатынын айтты.

– Бұл орталық ортақ технологияларды әзірлеу, салалық экожүйе қалыптастыру, стандартты өнімдер жасау және оларды негізгі қолдану салаларына енгізу сияқты маңызды міндеттерді шешуге бағытталған, – деді ол.

Бұған дейін, 2025 жылдың желтоқсанында Бейжіңде гуманоид роботтарды даярлайтын алғашқы оқу орталығы ашылған болатын. Онда роботтар өндірісте жұмыс істеу, үй шаруасын орындау, тамақ әзірлеу және сәлемдемелерді сұрыптау дағдыларын меңгеруде.

Робототехника саласындағы бәсеке Еуропада да күшейіп келеді. Германияда Munich University of Technology мен  NEURA Robotics компаниясы бірлесіп TUM RoboGym орталығын құрып жатыр. Бұл кешенде жасанды интеллектпен жабдықталған роботтар заттарды басқару, бөлшектерді дәл құрастыру және басқа да күрделі операцияларды орындауға машықтанады.

Сарапшылардың пікірінше, мұндай орталықтардың көбеюі алдағы жылдары адамтектес роботтарды өнеркәсіпте, қызмет көрсету саласында, медицинада және ауыл шаруашылығында жаппай қолдануға жол ашуы мүмкін.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар