Қостанай облысының Қамысты ауданының прокуратурасы 1910 бас ауыл шаруашылығы малын жалған вакцинациялау, сондай-ақ мал басы бойынша статистикалық есептемеде 537 басқа асыра бағалау фактілерін анықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Екі ветеринариялық пунктте термочемодандардың болмауы салдарынан 20 мың дозадан астам көлемде ветеринариялық препараттарды тасымалдау (орнын ауыстыру) және сақтау қағидаларын бұзу анықталған.
Сонымен қатар, жас малды вакцинациялау мерзімдерін бұзу, ревакцинация кезеңділігін сақтамау, вакциналардың дозасы және басқа да бұзушылықтар фактілері анықталды.
Ветеринарлық заңнама саласында анықталған барлық бұзушылықтар бойынша прокурорлық ден қою шаралары қабылданды, 8 лауазымды тұлға әкімшілік және 12 тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Мемлекеттік бюджетке жалған вакцинациялау бойынша 744, 3 мың теңге сомасына шығындар өтелді.