Қостанай қаласының №2 сотында психотроптық заттарды және олардың аналогтарын аса ірі көлемде заңсыз алу, тасымалдау және сату мақсатында сақтау бойынша А-ға қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды turkystan.kz.
2025 жылғы 9 тамызда А. Қостанай қаласындағы түнгі клубқа барып, өзімен алдын ала шағын дозаларға (Zip-lock қалта) бөлінген, жалпы саны он сегіз дана психотроптық заттарды алып келген. Ол осы тыйым салынған психотроптық заттарды клубқа келген келушілерге клуб әкімшілігі арқылы сатпақ болған. Клубтың қауіпсіздік қызметі бұл туралы полицияға хабарлаған.
Сотта айыпталушы өзінің кінәсін мойындамады және өзін ақтауды сұрады.
Сот айыпталушының кінәсін жеңілдететін немесе ауырлататын жағдайларды анықтамады.
Сотталушының жеке басын, жасаған қылмысының сипатын және қоғамға қауіптілігін, іс бойынша барлық мән-жайларды ескере отырып, сот қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздікті мекемесінде жазасын өтеумен 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.