Еліміздің жерасты су әлеуеті толық пайдаланылмай келеді – Бота Елеусізова

/
Еліміздің жерасты су әлеуеті толық пайдаланылмай келеді – Бота Елеусізова
Құрылтайдың баспасөз қызметі

Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Бота Елеусізова Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа жерасты су ресурстарын тиімді пайдалану және қорғау мәселелері туралы депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Қазақстан үшін су мәселесі – болашақтың ғана емес, бүгінгі күннің де стратегиялық міндеті. Осыған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында су ресурстарын толық әрі нақты есепке алуда цифрлық технологияларды кеңінен қолданудың маңызын атап өтті. Әрі Үкіметке су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін құруды созбалаңға салмай, қысқа мерзімде аяқтауды тапсырды.

«Әділет» партиясының сайлауалды тұғырнамасында көзделген су ресурстарын тиімді пайдалану міндетімен үндеседі.

Алайда еліміздің жерасты су әлеуеті әлі де толық пайдаланылмай келеді», – деді Бота Елеусізова.

Депутаттың айтуынша, Қазақстандағы бекітілген жерасты су қорлары тәулігіне 43,2 миллион текше метр болса, нақты пайдаланылатын көлем – шамамен 1,5 миллион текше метр. Бұл бекітілген қорлардың небәрі 3,5 пайызы. Әсіресе су тапшылығы байқалатын өңірлерде жерасты суларын ауыл шаруашылығы мен елді мекендердің қажеттіліктеріне тиімді пайдалану мәселесі өзекті.

«Сонымен қатар, 2026 жылғы мәлімет бойынша, елімізде иесіз, авариялық және өздігінен төгілетін 2256 гидрогеологиялық ұңғыма бар. Олардың уақытылы жойылмауы немесе тиісті тәртіппен консервацияланбауы су ысырабына алып келеді және қоршаған ортаға зиян келтіруі мүмкін.

Бұдан бөлек, жерасты суларының мониторингін жетілдіру, гидрогеологиялық деректерді бірыңғай цифрлық жүйеге біріктіру және нақты су алу көлемін бақылау мәселелері де жүйелі шешімді талап етеді.

Біздің ұстанымымыз – жерасты су қорларын тек анықтап қана қоймай, оларды ғылыми негізде, экологиялық қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, халық пен экономиканың игілігіне жарату. Ауыл шаруашылығында жерасты суларын пайдаланған кезде олардың табиғи толықтырылу мүмкіндігі, су сапасы, минералдану деңгейі және нақты су алу көлемі міндетті түрде ескерілге тиіс», – деді ол.

Бота Елеусізова Үкіметке елімізде жерасты су қорларын түгендеу, оларды тиімді пайдалану мен бақылауды күшейту және бірыңғай цифрлық жүйе қалыптастыру қажеттігін айтты.

«Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Үкіметінен:

  1.  Жерасты су қорларын өңірлер бөлінісінде түгендеп, олардың нақты пайдаланылуына және игеру мүмкіндігіне кешенді талдау жүргізуді;
  2.  Иесіз және авариялық ұңғымаларды жою мен консервациялау жұмыстарын жеделдетіп, олардың бірыңғай цифрлық тізілімін қалыптастыруды;
  3.  Жерасты сулары мониторингін жаңғыртып, геологиялық және гидрогеологиялық деректерді бірыңғай цифрлық жүйеге біріктіруді;
  4.  Ауыл шаруашылығында жерасты суларын пайдалану лимиттерін ғылыми негізде белгілеп, нақты су алу көлемін цифрлық есепке алу мен оған бақылау енгізуді;
  5.  Жерасты су қорларын барлау және бағалау жұмысына бөлінетін бюджет қаражатының тиімділігіне талдау жүргізуді сұраймыз.

Жерасты сулары – еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз ететін стратегиялық ресурс. Оларды тиімді басқару ауыл шаруашылығының тұрақтылығын арттырып, халықты ауызсумен қамтамасыз етуге және өңірлердің дамуына мүмкіндік береді», – деді ол.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар