Үндістанның Гандинагар қаласында өтіп жатқан ауыр атлетикадан ересектер арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан қоржынына алғашқы жүлде түсті, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Ерлер арасында -88 кг дейінгі салмақтағы отандасымыз Александр Уваров жұлқа көтеру сайысында 165 кг зілтемірді көтеріп, 3-орын алды. Бұл оған өз кезегінде осы сынның қола медалін иеленуге мүмкіндік берді.
Осыдан кейін Ұлттық құрама спортшысы серпе көтеру бағдарламасында 200 кг көрсеткішпен 4-сатыдан көрінді. Ал жалпы есепте Александр 365 кг (165+200) нәтижемен 5-орын алды.
Осы салмақта тағы бір отандасымыз Әлібек Рахымберді 9-сатыда.
Бұл – Қазақстан командасының осы сары құрлық бәсекесіндегі бірінші жүлдесі.
Жарыс 18 мамырда мәресіне жетеді. Енді Мейрам Сұлтан (111 кг) ел намысын қорғайды.