Ғалымдар ген тасымалдау арқылы алғаш рет өмірді ұзартты

/
Ғалымдар ген тасымалдау арқылы алғаш рет өмірді ұзартты
сурет: istockphoto.com

University of Rochester ғалымдары жалаңаш көртышқанның ұзақ өмір сүруге көмектесетін қорғаныс механизмін басқа жануарға сәтті тасымалдады. Зерттеу нәтижесінде тышқандардың өмір сүру ұзақтығы артып, қатерлі ісікке шалдығу қаупі азайған. Ғылыми жұмыс Nature журналында жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Көртышқан қартаюды зерттейтін ғалымдардың назарын көптен бері аударып келеді. Кәдімгі тышқандармен салыстырғанда олардың өмір сүру ұзақтығы шамамен он есе көп, 41 жылға дейін жетеді. Сонымен қатар бұл жануарларда қатерлі ісік, жүрек-қан тамырлары аурулары мен нейродегенеративті дерт өте сирек кездеседі.

Ғалымдар зерттеу барысында жоғары молекулалы гиалурон қышқылына назар аударған. Бұл зат жалаңаш соқыртышқандарда адамдар мен кәдімгі тышқандарға қарағанда шамамен он есе көп болады.

Бұған дейін зерттеушілер осы гиалурон қышқылын соқыртышқан жасушаларынан алып тастағанда олардың ісікке бейімділігі артатынын анықтаған. Осыдан кейін мамандар бұл қорғаныс механизмін басқа жануарларға көшіруге бола ма деген сұрақты зерттеуге кіріскен.

Тәжірибе барысында тышқандарға көртышқанға тән гиалуронсинтаза 2 генінің нұсқасы енгізілген. Бұл ген жоғары молекулалы гиалурон қышқылын өндіруге жауап береді.

Нәтижесінде тәжірибелік тышқандардың ағзасындағы гиалурон қышқылының деңгейі артқан. Олар өздігінен пайда болатын ісіктерге де, қолдан жасалған тері обырына да төзімдірек болған.

Сонымен қатар ғалымдар тәжірибелік жануарларда жасқа байланысты қабынудың азайғанын, ішек жұмысының жақсы сақталғанын және орташа өмір сүру ұзақтығы шамамен 4,4%-ға ұзарғанын анықтады.

Зерттеу авторларының бірі Vera Gorbunova бұл жаңалықтың геронтология ғылымы үшін маңызды екенін айтты.

«Біздің зерттеу ұзақ өмір сүретін сүтқоректілерде эволюция барысында қалыптасқан қорғаныс механизмдерін басқа түрлерге тасымалдауға болатынын көрсетті», – деді ғалым.

Мамандардың пікірінше, көршқанның ұзақ өмір сүруі тек бір механизмге байланысты емес. Оларда ДНҚ-ны қалпына келтіру жүйесі жақсы жұмыс істейді, қабынуды бақылау қабілеті жоғары және тіндері зақымдануға төзімді келеді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары