Үкіметте автожолдарда жүк көлігіне ақы төлеу жүйесін жетілдіру тәсілі талқыланды

/
Үкіметте автожолдарда жүк көлігіне ақы төлеу жүйесін жетілдіру тәсілі талқыланды
Үкімет

Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен автомобиль жолдарында ақы төлеу жөніндегі жұмыс тобының бірінші отырысы өтті. Қатысушылар жол алымдарының қолданыстағы жүйесін жетілдіру және жол инфрақұрылымын күтіп ұстау мен жөндеуді қаржыландырудың тұрақтылығын арттыруды қарады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Коммерциялық жүк көлігінің, оның ішінде отандық және шетелдік тасымалдаушылардың жол ақы төлеудегі ықтимал тәсілдеріне басты назар аударылды. Бұл ретте ұсынылып отырған шаралар азаматтардың жеке жеңіл көлігі үшін жол жүру шартын өзгертуді көздемейді.

Сондай-ақ қатысушылар жүк тасымалының ашықтығын арттыру және жол ақысын төлеу талабын сақтау мәселесін талқылады. Атап айтқанда, жүк көлігі қозғалысын, оның ішінде автомобиль жолының ақылы учаскелерінде мониторинг жүргізу үшін цифрлық құралдарды қолдануды арттыру ұсынылды.

Отырыс қорытындысы бойынша вице-премьер мемлекеттік органдармен, салалық қауымдастықтармен және бизнес өкілдерімен бірлесіп, ұсыныстарды егжей-тегжейлі пысықтауды тапсырды.

Тәсілдерді зерделеу кезінде тасымалдаушылар мен бизнестің мүддесін ескеру, сондай-ақ жол инфрақұрылымын ұстауға арналған шығыстарды әділ бөлуді қамтамасыз ету қажет. Бұл ретте азаматтардың жеке жеңіл көлігіне әсер етпей, коммерциялық жүк көлігіне басты назар аудару ұсынылады.

Ұсыныстарды қарашаның соңына дейін әзірлеп, жұмыс тобының келесі отырысында қарау тапсырылды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары