Уран мен Нептун қойнауында жаңа материя болуы мүмкін

/
Уран мен Нептун қойнауында жаңа материя болуы мүмкін
сурет: istockphoto.com

АҚШ-тағы Карнеги институты ғалымдары мұзды алып планеталар Уран мен Нептун ішкі қабаттарында материяның жаңа түрі болуы мүмкін екенін анықтады. Зерттеу нәтижелері Nature Communications журналында жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Зерттеу барысында ғалымдар компьютерлік модельдеу арқылы планеталардың ішкі бөлігіндегі аса қатал жағдайларды қайта жасады. Ондағы қысым 500–3000 гигапаскальға дейін (Жердегіден миллиондаған есе жоғары), ал температура 4000-6000 Кельвинге жетеді.

Нәтижесінде көміртек пен сутектен тұратын ерекше құрылым анықталған. Көміртек атомдары алтыбұрышты (гексагональ) тор түзсе, сутек атомдары оның ішінде спираль тәрізді қозғалады. Бұл құбылыс квази-бірөлшемді супериондық күй деп аталады, яғни зат бір мезетте қатты дене мен сұйықтың қасиетін қатар көрсетеді.

Зерттеу авторларының бірі Рональд Коэннің айтуынша, сутек атомдарының бағытталған қозғалысы толық үшөлшемді емес, белгілі бір траекториямен шектеледі. Бұл ерекшелік жылу мен электр тогының таралуына әсер етуі мүмкін.

Ғалымдардың пікірінше, бұл жаңалық Уран мен Нептунның ерекше магнит өрістерін түсіндіруге көмектеседі. Сонымен қатар, зерттеу нәтижелері материалтану мен инженерия салалары үшін де маңызды болуы мүмкін: қарапайым элементтердің экстремалды жағдайда күрделі құрылымдарға айналатынын көрсетеді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар