"Кесілген және тесілген дене жарақаттары": Атыраудағы трагедияға қатысты күтпеген дерек шықты

/
"Кесілген және тесілген дене жарақаттары": Атыраудағы трагедияға қатысты күтпеген дерек шықты
ашық дереккөзден

Атырау облысында бір отбасының қаза табуына қатысты іс бойынша тың мәліметтер белгілі болды. Бұл туралы "Астана" телеарнасы хабарлады, деп жазады turkystan.kz.

Облыстық прокуратура өкілінің айтуынша, тергеу барысында қылмыстың аса қатыгездікпен жасалғаны анықталған. Марқұмдардың денесінен бірнеше жерден пышақ жарақаттары табылған.

"Тергеу барысында күдіктінің Қарабалиндер отбасын аса айуандықпен жайратып салғаны белгілі болған. Сараптамада марқұмдардың әрқайсысының денесінде бірнеше жерден  кесілген және тесілген жарақаттар анықталыпты", – дейді телеарна тілшісі.

Сараптама нәтижелері бойынша өлімге дәл осы ауыр пышақ соққылары себеп болған.

Телеарна дерегінше, марқұмдардың қызына қатысты Атырауда жүргізілген сот-психологиялық және психиатриялық сараптама нақты қорытынды бермеген. Осыған байланысты зерттеуді Алматы қаласында қайта жүргізу туралы шешім қабылданған.

Ал күдіктіге жүргізілген сараптама оның ақыл-есі дұрыс екенін және өз әрекеттеріне толық жауап бере алатынын көрсеткен.

Тергеу барысында бір отбасы мүшелерінің әртүрлі уақытта қаза тапқаны белгілі болды: біреуі мамыр айында, ал қалғандары қарашада өлтірілген.

Құзырлы орган өкілдері бұл қылмыста сыртқы күштердің немесе басқа адамдардың қатысы анықталмағанын атап өтті. Оқиға күдікті мен жәбірленушілер оңаша қалған сәтте болған.

Марқұмдардың туыстары сот процесінің ашық өтуін талап етіп отыр. Олар балалардың психологиялық жағдайына алаңдаулы екенін айтып, әділдікке қол жеткізуді көздейді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары