"Бұрхан-Бұлаққа" апаратын жол құрылысын аяқтайтын қаражат жоқ – Мәжіліс депутаттары

/
"Бұрхан-Бұлаққа" апаратын жол құрылысын аяқтайтын қаражат жоқ – Мәжіліс депутаттары
сурет: parlam.kz

«AMANAT» партиясы фракциясының депутаттары Болат Керімбек пен Айдос Сарым Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға депутаттық сауал жолдап, еліміздегі автожолдардың жағдайы мен Жетісу облысындағы өзекті инфрақұрылым мәселелерін көтерді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Депутаттардың айтуынша, автомобиль жолдарының сапасы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер етеді. Соңғы жылдары бірқатар жобалар жүзеге асқанымен, жол инфрақұрылымын жаңғырту мәселесі әлі де өзекті күйінде қалып отыр.

Сауалда Жетісу өңіріндегі бірнеше нақты мәселе аталған. Соның бірі – туристік нысан саналатын «Бұрхан-Бұлақ» сарқырамасына апаратын жол құрылысы. Ұзындығы 30,8 шақырым болатын бұл жобаны аяқтауға қаржы тапшылығы кедергі келтіріп отыр. Қажетті қаражат көлемі 7,4 млрд теңге деп көрсетілген. Депутаттар бұл жобаны республикалық бюджеттен және өзге қаржыландыру көздері арқылы қолдауды сұрады.

Екінші мәселе – «Балпық би» және «Бақтыбай» ауылдарын айналып өтетін жол құрылысы. Ұзындығы 18,5 шақырым болатын бұл жобаның құны шамамен 30 млрд теңгені құрайды. Депутаттардың пікірінше, айналма жол салу елді мекендер ішіндегі көлік жүктемесін азайтып, жол қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда ауыр жүк көліктерінің көбеюі тұрғындарға қолайсыздық туғызып отыр.

Сондай-ақ, Айнабұлақ бекетіндегі теміржол өткелі мәселесі де көтерілді. Ауылды екіге бөліп тұрған теміржолға байланысты тұрғындар, әсіресе оқушылар, ұзақ айналма жолмен қатынауға мәжбүр. Бұл өз кезегінде қауіпсіздік тәуекелдерін арттырады. Депутаттар аталған аумақта теміржол өткелін немесе туннель салу қажеттігін атап өтті.

Халық қалаулылары көтерілген мәселелер «AMANAT» партиясының бақылауында екенін жеткізіп, Үкіметтен нақты шешімдер қабылдап, жобаларды іске асыруды сұрады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар