Қасым-Жомарт Тоқаев Моңғолиямен ықпалдастықтың перспективті бағыттарына тоқталды

/
Қасым-Жомарт Тоқаев Моңғолиямен ықпалдастықтың перспективті бағыттарына тоқталды
Ақорда

Қазақстан мен Моңғолия президенттері БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізді, деп хабарлайды turkystan.kz.

– Екі ел де – табиғи байлығы мол мемлекеттер. Тау-кен саласында, соның ішінде геологиялық барлау және жер қойнауын игеру ісінде Қазақстанның тәжірибесі мол. Қос тарап осы бағытта бірлесе күш жұмылдыруға дайын. Елдеріміз ауыл шаруашылығына, әсіресе, мал шаруашылығына айрықша мән береді. Қазіргі заманда мал өнімдерінің халықаралық стандарттарға сай әрі қауіпсіз болуы аса маңызды. Қазақстанда мал ауруына қарсы тиімді вакцина өндірісі жолға қойылған. Біз еліміздің вакциналарын Моңғолияға жеткізу, болашақта бірлескен өндіріс орындарын ашу мүмкіндігін қарастыруға мүдделіміз. Сондай-ақ Моңғолияның жерді ғарыштан бақылайтын жүйе құру бастамасына қолғабыс етуге дайынбыз. Осы салаға қажетті білікті мамандарды да даярлауға болады. Қазақстан цифрлық даму мәселесіне айрықша назар аударады. Бұл – еліміздің болашағын, жаһандық бәсекедегі орнын айқындайтын стратегиялық сала. Бүгін Хурэлсух мырза «Alem.AI» халықаралық орталығына және «Ақылды қаланы» басқару орталығына» барады. Жалпы цифрландыру саласындағы өзара ынтымақтастықты дамытуға екі тарап та мүдделі, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Қазақстан мен Моңғолия президенттері мәдени-гуманитарлық байланысты талқылаған.

– Былтыр Астанада өткен «Silk Way Star» халықаралық вокалдық конкурсында Моңғолияның Мишель атты әншісі бірінші орын алып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Мұндай жобалар халықтарымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани байланысын бекемдейтіні сөзсіз. Сондай-ақ елдеріміздің білім-ғылым саласындағы ынтымақтастығын нығайтуға мол мүмкіндік бар, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан жыл сайын моңғол азаматтарына білім гранттарын бөліп келе жатқанына назар аударды.

– Біз грант санын көбейтіп, Моңғолияға қажетті мамандар дайындау ісіне атсалысуға әзірміз. Биыл Моңғолияда «Study in Kazakhstan» білім жәрмеңкесін өткізу жоспарлануда. Сонымен қатар біз Ұлан-Батыр қаласында Қазақстанның іргелі университетінің филиалын ашуды ұсындық. Бұған қоса, екі елдің қалалары арасындағы бауырластық қарым-қатынасты одан әрі дамытуға келістік. Бұл шаралар елдеріміздің достығын бекемдеуге, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланысты күшейтуге жол ашады. Осы жұмысты жалғастыра беру маңызды деп санаймын, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Моңғолия Президентінің Қазақстанға мемлекеттік сапары өте нәтижелі өтіп жатқанын айтты.

– Қазақстан мен Моңғолияның аймақтық және жаһандық деңгейдегі көптеген өзекті мәселе бойынша ұстанымдары – ұқсас. Ертең өтетін Экологиялық саммит – соның айқын көрінісі. Біз Моңғолиямен ынтымақтастықты дамытуға айрықша көңіл бөлеміз. Халықаралық ұйымдар аясында біз бір-бірімізге үнемі қолдау көрсетіп келеміз. Бұл елдеріміздің стратегиялық серіктестігі және өзара сенімінің нақты көрінісі екені анық. Мен мұны жоғары бағалаймын, – деді Қазақстан Президенті.

Ухнаагийн Хурэлсух бүгінгі келіссөздерге жоғары баға берді.

– Құрметті Президент, біз Сіздің Моңғолия мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесіңізді жоғары бағалаймыз. Бүгінгі қол жеткізілген уағдаластықтар мен бірлескен іс-қимыл жоспары нәтижелі жүзеге асып, екі елдің игілігіне қызмет ететініне кәміл сенемін. Бауырлас халықтарымыздың достығы ұрпақтан ұрпаққа ұласып, стратегиялық әріптестігіміз бен ықпалдастығымыз мәңгі жасай берсін! – деді Моңғолия Президенті.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары