Маңғыстауда жасөспірім әкесінің көлігін соғып, бір ауылды жарықсыз қалдырды

/
Маңғыстауда жасөспірім әкесінің көлігін соғып, бір ауылды жарықсыз қалдырды
Фото: Lada.kz

Жаңаөзен қалалық полиция басқармасының мәліметінше, оқиға 23 қазан күні кешке Теңге ауылында болған. Жасөспірім Toyota 4Runner автокөлігін рұқсатсыз айдап шығып, трансформаторға соғылған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Соқтығысу салдарынан электр жабдықтары зақымданып, ауыл жарықсыз қалған.

Оқиғадан кейін жасөспірімнің анасы кешірім сұрады.

«Кәмелетке толмаған ұлым көлікті рұқсатсыз алып, трансформаторға соғылды. Қолайсыздық тудырғанымыз үшін баршаңыздан шын жүректен кешірім сұраймын», — деді анасы.

Полиция басқармасы бұл оқиға ата-аналарға балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аудару қажеттігін еске салатынын атап өтті.

Құқық қорғау органдары кәмелетке толмағандардың көлікті өз бетінше басқаруына жол бермеуге және автокөлік кілттерін балалардың қолы жетпейтін жерде сақтауға шақырды.

«Жауапсыздықтың бір сәті орны толмас зардаптарға әкелуі мүмкін», — деп атап өтті ведомство өкілдері.

Сондай-ақ олар ата-аналарды балаларымен жол қозғалысы ережелері мен қауіпсіздік талаптары туралы үнемі әңгімелесіп отыруға шақырды.

Бұған дейін Жаңаөзен полициясы 12 жастағы ұлына көлік басқаруға рұқсат берген ер адамды жауапкершілікке тартқан болатын.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары