Жамбылда 9-сынып оқушысын өз-өзіне қол салуға итермелеген үш күдіктіге үкім шықты

/
Жамбылда 9-сынып оқушысын өз-өзіне қол салуға итермелеген үш күдіктіге үкім шықты
istockphoto.com

Өткен жылдың сәуір айында Жамбыл облысының Тастөбе ауылында 9-сынып оқушысы өз үйінің ауласындағы сарайда асылып, өзіне-өзі қол жұмсаған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 105-бабы 3-бөлігімен (өзіне-өзі өлтіруге дейін жеткізу) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған.

Тергеп-тексеру нәтижесінде аталған ауылдың 22 жастағы тұрғыны, сондай-ақ 10-11 сыныптың екі оқушысы күдікті ретінде танылды.

Қайғылы оқиғаның себептері ретінде «үлкендер» тарапынан жүйелі түрде қорқыту, психологиялық қысым көрсету және еңбекке мәжбүрлеу фактілері анықталды.

Атап айтқанда, қайғылы оқиғаға дейінгі соңғы күндері кәмелетке толмаған жасөспірім жастар арасында «авторитет» ретінде танылған жоғарыда көрсетілген азаматтың үйінде мәжбүрлі түрде құрылыс жұмыстарын атқарған.

Тергеп-тексеру нәтижесімен 2025 жылғы 5 қыркүйекте қылмыстық іс сотқа жолданды.

Сот талқылауы барысында сотталушылардың кінәсі толық дәлелденіп, Жамбыл облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2026 жылғы 16 сәуірдегі үкімімен олар кәмелетке толмағанды өзіне-өзі өлтіруге дейін жеткізгені үшін кінәлі деп танылды.

Негізгі орындаушыға 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалса, ал оның кәмелетке толмаған екі сыбайласының әрқайсысына 5 жылдан бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары