Қазақстан құрамасы Манамада (Бахрейн) өтіп жатқан 23 жасқа дейінгі спортшылар арасында Азия чемпионатында тағы екі алтын медаль иеленді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Шпагада сынға түскен ерлер құрамасы мен саблядан өнер көрсеткен әйелдер құрамасы жеңіс тұғырының бірінші сатысына көтерілді.
Шпагада Қазақстан намысын Михаил Кузьмин, Кирилл Проходов, Георгий Тинников және Жанарбек Жанұзақов қорғады. Ақтық сында отандастарымыз Гонконг құрамасынан басым түсті.
Ал саблядан өткен әйелдер арасындағы командалық бәсекеде Диляра Исабекова, Полина Ко, Адема Серікбай және Қайша Жәнібек жеңімпаз атанды. Шешуші кездесуде қазақстандық спортшылар Гонконг құрамасын ұтты.
Бұдан бөлек, Қазақстанның тағы екі командасы құрлық біріншілігінің қола жүлдегері атанды.
Ерлер арасында саблядан Бексұлтан Абжал, Қуаныш Ерғашбай, Ерхан Қараман және Қайназар Нұрқатұлы үшінші орынға ие болды.
Ал әйелдер арасындағы командалық рапира сайысында София Актаева, Ксения Андреева, Алена Гноева және Алина Искандерова қола медаль жеңіп алды.
Сондай-ақ шпага бойынша жекелей сында Мария Лесовская күміс жүлдеге қол жеткізсе, Полина Лесовская қола медаль иеленді.
Еске салайық, бұған дейін Кирилл Проходов шпагадан жекелей сында алтын медаль жеңіп алса, Қайша Жәнібек саблядан күміс жүлдегер атанды. Ал Диляра Исабекова қола медаль иеленген болатын.
Осылайша, Қазақстан құрамасының қоржынында Азия чемпионатының тоғыз медалі бар. Оның үшеуі – алтын, екеуі – күміс, төртеуі – қола.