Әскер сапындағы сергектік пен спорттағы серпінділік – бір адамның бойынан табыла бермейтін қасиет. Алайда 5573 әскери бөлімінде мұндай қос қырды қатар алып жүрген азамат бар. Ол – дене шынықтыру және спорт аға маман-аға нұсқаушысы Бекзат Алтынбаев.
Таңғы сапта сап түзеген сарбаздардың қимылы нық, жүзі сергек. Себебі олардың дайындығына жауапты маман – өз ісінің шебері. Жаттығу алаңында Бекзаттың әр қимылы, әр нұсқауы тәртіп пен талаптың айқын көрінісіндей. Мұнда тек физикалық дайындық емес, мінез, жігер, рух шыңдалады.
Бекзат Алтынбаевтың спортқа деген жолы ауылдан бастау алған. Қостанай облысы, Аманкелді ауданында дүниеге келген ол бала күнінен белсенділігімен көзге түскен. 13 жасында күрес үйірмесіне қатысып, алғашқы қадамын жасаған жасөспірімнің сол кездегі арманы бүгінде үлкен жетістіктерге ұласқан.
Ең алғашқы жеңісі де есінде ерекше сақталған. Аудандық жарыста топ жарып, магнитофон ұтып алған сәт – оның спортқа деген құштарлығын арттыра түскен. Сол бір кішкентай жеңіс үлкен спортқа бастар жолдың алғашқы баспалдағы еді.
Әскери қызметке келуі де кездейсоқ емес. 2015 жылы 6636 әскери бөлімінде қызметін бастаған ол үшін бұл сала – тәртіп пен жауапкершіліктің мектебі болды. Ал 2017 жылдан бері 5573 әскери бөлімінде еңбек етіп, кәсіби тұрғыда шыңдала түскен.
Бүгінде ол тек әскери қызметші ғана емес, тәжірибелі жаттықтырушы. Оның жетекшілігімен сарбаздар түрлі жарыстарда топ жарып жүр. Ал өзі де спорттан қол үзген емес. Қазақ күресі, дзюдо және самбо – оның жанына жақын спорт түрлері.
Жетістіктері де аз емес. “Әскер барысы” турнирінде жүлдегер атанса, “Динамо” жарысында жеңіс тұғырынан көрінген. Ұлттық ұлан чемпионатында топ жарып, самбодан Азия чемпионатында чемпион атануы – оның табандылығының нақты дәлелі.
Жаттығу кезінде оның талапшылдығы бірден байқалады. Әр сарбаздың мүмкіндігін ескеріп, оларды шыңдаудың жолын жақсы біледі. “Спорт – әскери қызметшінің ажырамас бөлігі” дейді ол. Себебі физикалық дайындық – қауіпсіздіктің кепілі.
Әрине, әскери қызмет пен спортты қатар алып жүру оңай емес. Бірақ Бекзат үшін бұл – өмір салты. Тәртіп пен дұрыс жоспарлау оның басты қағидасына айналған. Оның айтуынша, спорт шыдамдылықты арттырса, әскери өмір жауапкершілікке үйретеді.
Оның басты тірегі – отбасы. Жақындарының қолдауы кез келген қиындықты еңсеруге күш береді. Ал алға қойған мақсаты – одан да биік. Ол әлем чемпионы атанып, ел намысын халықаралық аренада қорғауды армандайды.
Бекзат Алтынбаевтың өмір жолы – табандылық пен еңбектің жарқын үлгісі. Ол күн сайын тек өзін емес, айналасындағы сарбаздарды да шыңдап келеді.
Әскер мен спортты қатар бағындырған азамат үшін бұл тек жетістік емес – бұл өмірлік ұстаным. Ал мұндай жандар барда елдің де еңсесі биік, рухы мықты болары анық.