Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаев Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғаринге депутаттық сауал жолдап, ауыл шаруашылығы саласындағы кадр тапшылығы мәселесін көтерді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Депутат өз сауалында Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында айтылған азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және импортқа тәуелділікті азайту міндеттеріне тоқталып, бұл мақсаттарға жету үшін агросектордағы жүйелі мәселелерді шешу қажет екенін атап өтті.
Оның айтуынша, өңірлерді аралау барысында ауыл тұрғындары агросаладағы негізгі проблемалардың бірі ретінде кадр жетіспеушілігін көтерген. Әсіресе, малшы, сауыншы, механизатор, ветеринар, агроном және зоотехник сияқты мамандар тапшы. Бұл жағдай ауылдағы өмір сапасының төмендігімен, жалақының аздығымен және әлеуметтік қолдаудың әлсіздігімен байланысты.
Сонымен қатар, Жоғары аудиторлық палата есебіне сәйкес, кейбір қызметкерлер үшін зейнетақы жарналарының аударылмауы еңбек заңнамасының сақталуында мәселелер бар екенін көрсетеді.
Депутаттың пікірінше, кадр тапшылығы агроөнеркәсіптік кешеннің дамуына, еңбек өнімділігінің артуына және елдің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіреді. Бұл ретте Үкіметтің 2028 жылға дейін елді негізгі азық-түлік өнімдерімен толық қамтамасыз ету жоспарына қол жеткізуі осы мәселені шешуге тікелей байланысты.
Осыған байланысты Темір Қырықбаев бірқатар нақты ұсыныстарын жеткізді:
– ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің еңбекақысын арттыру үшін қосымша төлемдер енгізу және жергілікті бюджет есебінен субсидиялау бағдарламаларын қарастыру;
– сала қызметкерлері үшін жеке табыс салығының төмендетілген мөлшерлемесін белгілеу;
– аграрлық колледждер мен жоғары оқу орындарында мақсатты гранттар санын көбейтіп, шәкіртақы көлемін арттыру.
Депутаттың айтуынша, агросектордағы кадр мәселесін кешенді түрде шешу – елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты шарты.