Алматыда полиция 300-ден астам киберқылмысты ашты

/
Алматыда полиция 300-ден астам киберқылмысты ашты
polisia.kz

Интернет-алаяқтық Алматы қаласы үшін өзекті қауіптердің бірі болып қалып отыр. Дегенмен, қалада киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бағытында жүйелі әрі кешенді жұмыс жүргізілуде. Бұл туралы халық алдында есеп беру кездесуінде Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оның айтуынша, өткен жылы 2 мыңнан астам интернет-алаяқтық дерегі тіркелген. Сонымен қатар, аталған қылмыс түрін ашу көрсеткіші бойынша оң динамика байқалып отыр. Жұмысты күшейту мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасымен киберқылмысқа қарсы іс-қимыл жөніндегі мамандандырылған бөлімше құрылған.

— Бүгінде біз жұмыстың сапалық жаңа деңгейге көтерілгенін айтып отырмыз. Бөлімше қызметкерлері кәсіби біліктілігін тұрақты түрде арттырып, заманауи цифрлық құралдарды меңгеруде. Сонымен қатар алаяқтықтың жаңа схемаларын алдын ала анықтап, проактивті бағытта жұмыс жүргізуде. Киберқылмыстар көбіне трансұлттық сипатқа ие болғандықтан, біз тек мемлекеттік органдармен ғана емес, халықаралық серіктестермен де тығыз өзара іс-қимыл орнаттық. Бұл қауіп-қатерлерге жедел әрекет етуге және қылмыстық схемалардың жолын кесуге мүмкіндік береді, - деп атап өтті Айдын Қабдұлдинов.

Киберқылмысқа қарсы күрес екінші деңгейлі банктермен тығыз ынтымақтастықта жүзеге асырылуда. Бұл күмәнді қаржылық операцияларды дер кезінде анықтауға, шоттарды бұғаттауға және азаматтардың қаражатын жымқырудың алдын алуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде мамандандырылған бөлімше тарапынан ақпараттандыру және байланыс саласында 300-ден астам қылмыстық құқық бұзушылық ашылды.

Полиция нақты нәтижелерді де атап өтті. Атап айтқанда, кеңсе жағдайында әрекет еткен алаяқтық call-орталықтың қызметі тоқтатылды. Сонымен қатар, банк шоттарына заңсыз қол жеткізу фактілері әшкереленді. Алаяқтық мақсатта пайдаланылған 17 мыңнан астам интернет-ресурс бұғатталды.

— Профилактика жұмысына ерекше мән беріледі. Біз халықпен, әсіресе егде жастағы азаматтармен тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, кең таралған алаяқтық тәсілдер туралы ескертіп келеміз. 2025 жылдың қыркүйегінен бастап дропперлікке, яғни банк карталарын үшінші тұлғаларға беруге қатысты қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Қазіргі таңда мұндай жүздеген дерек анықталды. Мұндай схемаларға қатысу ауыр құқықтық салдарға, оның ішінде бас бостандығынан айыруға әкелуі мүмкін екенін түсіну маңызды, - деді ведомство басшысы.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде алаяқтарға ақша аударудың 185 әрекетінің жолы кесілді. Ірі көлемдегі қаражатты тасымалдаумен айналысқан курьерлер ұсталды. Өткен жылы Алматы қаласының полициясы азаматтарға келтірілген шығынды өтеу мақсатында 702 миллион теңгені қайтаруға қол жеткізді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары