Ақтауда әйелге шабуыл жасады деген күдікпен бұрын сотталған ер адам ұсталды. Қазір ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Бұл туралы Lada.kz жазды.
Оқиға 9 қараша күні сағат 20:30 шамасында 3А шағынауданында болған. Бейресми ақпаратқа сүйенсек, күдікті әйелге суық қарумен қоқан-лоқы көрсеткен. Шабуылдың мақсаты оның ұялы телефонын тартып алу болуы мүмкін.
Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 191-бабы (тонау) бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Қазір болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр, – деп мәлімдеді полиция департаменті.
Бейресми деректер бойынша, ұсталған азамат – 1991 жылы туған, бұрын сотталған. Оқиғаның нақты мән-жайы тергеу барысында анықталады.