Павлодар облысында әйелді өлтіріп, оның денесін өртеп жіберген ер адамға қатысты сот үкімі шықты. Ол 10 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Сот материалына сәйкес, оқиға биыл сәуір айында Ақсу қаласында болған. Сотталушы мен жәбірленуші қаланың шетіндегі жылу трассасының маңында бірге алкоголь ішкен. Сол кезде екеуінің арасында жанжал туындаған.
Әйел ер адамның қайтыс болған анасын балағаттаған. Бұған ашуланған ер адам әйелдің бетінен ұрып, жерге құлағаннан кейін бірнеше рет тепкен. Алған жарақаттарынан жәбірленуші оқиға орнында көз жұмған.
Осыдан кейін ер адам үйіне барып, дизель отынын алып келген. Қылмыс ізін жасыру мақсатында марқұмның киімдерін шешіп, денесін өртеп жіберген.
Сотта ер адамның кінәсі толық дәлелденді. Сот үкімімен Ақсу қаласының тұрғыны 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар ол жәбірленуші тарапқа моральдық зиян үшін 5,5 миллион теңгеден астам өтемақы төлеуге міндеттелді.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.