Астанада Run for Autism қайырымдылық жүгіру жарысы өтеді

/
Астанада Run for Autism қайырымдылық жүгіру жарысы өтеді

Астанада IV жыл сайынғы қайырымдылық Run for Autism жүгіру жарысына арналған баспасөз конференциясы өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Run for Autism — аутизмі бар адамдарды қолдауға бағытталған халықаралық қайырымдылық спорттық іс-шаралар қозғалысының бір бөлігі. Мұндай жарыстар Нью-Йорк, Лондон, Берлин және тағы басқа ірі қалаларда өткізіледі.

Қазақстанда Run for Autism — елдегі басты инклюзивті қайырымдылық жүгіру жарысы. Мұнда бір қашықтықта кәсіби спортшылар, даму ерекшеліктері бар балалар мен жасөспірімдер, олардың отбасылары, мүмкіндігі шектеулі жандар (соның ішінде есту қабілеті бұзылған қатысушылар), сондай-ақ инклюзияға бей-жай қарамайтын азаматтар бірге жүгіріп, бір ортада бірігеді. Іс-шараның мақсаты — қоғамда аутизм туралы түсінікті арттыру және менталдық ерекшеліктері бар адамдарды қолдау.

Жүгіру жарысының ұйымдастырушысы — 15 жылдан бері Қазақстанда инклюзивті білім беруді жүйелі түрде дамытып келе жатқан «Bolashak Charity» қоғамдық қоры. Қор жобаларының арқасында мыңдаған бала білім мен кәсіби қолдауға қол жеткізді.

2025 жылғы 1 наурыздағы деректер бойынша, Қазақстанда аутизм спектрінің бұзылыстары (АСБ) бар 12 800-ден астам бала мен жасөспірім динамикалық бақылауда. Сонымен қатар, Mental State of the World 2024 зерттеуіне сәйкес, Қазақстандағы психикалық денсаулық индексі (MHQ) 200 мүмкін балдың 52,3-ін құрайды, бұл әлемдік орташа көрсеткіштен (63 балл) айтарлықтай төмен. Жаһандық рейтингте ел 83 мемлекеттің ішінде 76–78 орын алады.

Баспасөз конференциясы барысында өткен жылдардағы жүгірулердің нәтижелері, анонстық бейнеролик және қатысушының старттық жиынтығы таныстырылды. Сондай-ақ тұрақты серіктестер мен демеушілерді марапаттау рәсімі және сұрақ-жауап сессиясы өтті.

Іс-шараға ұйымдастырушылар, демеушілер, қордың серіктестері мен ерекше балалардың ата-аналары, кәсіби спортшылар, медиа өкілдері, журналистер мен блогерлер қатысты. Баспасөз конференциясы Hilton Astana қонақ үйі мен Astana Production ивент-агенттігінің қолдауымен өтті.

«Run for Autism жобасын бастаған кезде Қазақстанда инклюзияға арналған жүгіру жарыстары болған жоқ. Бүгінде бұл тек елдегі емес, бүкіл Орталық Азиядағы ең ірі инклюзивті жүгіру жарысына айналды. Бұл бастама қордың балалар мен олардың отбасыларымен жүргізген 15 жылдық жүйелі жұмысының нәтижесі. Run for Autism — шынайы ерекше іс-шара. Оған біздің жобалардың қатысушылары, олардың ата-аналары, педагогтар, серіктестер мен достар қатысады. Сондықтан бұл жай ғана жарыс емес, түрлі қалалардың тұрғындарын ортақ мақсатқа біріктіретін қозғалыс. Бастапқыда біз аутизм және менталдық денсаулық тақырыбына назар аудартқымыз келді. Бүгінде мыңдаған адамның бірге жүгіріп жатқанын көріп отырмыз. Бұл қоғамның саналы әрі ашық бола бастағанын көрсетеді. Біз үшін әр іс-шара нақты өзгерістерге әкелуі маңызды. Өткен жылдардағы қатысушылардың арқасында біз ондаған инклюзияны қолдау кабинеттерін аштық. Бүгінде жүздеген бала күн сайын мамандардан көмек алады. Қатысушыларымыз есейіп келеді — сонымен бірге біздің бағдарламаларымыз да дамуда. Біз аутизмі бар жасөспірімдер мен жастарды кәсіби оқыту бағытын күшейттік. Биылғы жүгіру жарысынан жиналған қаражат осы мақсаттарға бағытталады. Run for Autism аясындағы әрбір шақырым — болашаққа салынған инвестиция, мамандық алып, дербес өмірге қадам жасау мүмкіндігі. Бұл — шынымен өмірді өзгертетін жарыс», - дейді Bolashak Charity қорының қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Гаплан.

«Біздің отбасы үшін Run for Autism — жай ғана жарыс емес, бұл жеке тарих. Менің ұлым Бекназар жүгіріске жыл сайын қатысады, және ол үшін бұл спорттан да маңызды — бұл өзін дамыту және қоғамның бір бөлігі екенін сезіну мүмкіндігі. Осындай іс-шаралар әр баланың өзін қабылданған және маңызды сезінуіне мүмкіндік беретін инклюзивті ортаны қалыптастырады. Run for Autism отбасыларды, мамандарды және бейжай қарамайтын адамдарды біріктіреді. Мұндай бастамалар арқылы қоғамда түсіністік пен қолдау қалыптасады» - аутизмі бар жасөспірімнің әкесі Елдос Иманбаев.

Run for Autism 2026

IV жыл сайынғы қайырымдылық жүгіру жарысы 2026 жылғы 26 сәуірде Астана қаласындағы Ботаникалық бақта өтеді және аутизм туралы ақпараттандыру айына орай ұйымдастырылады.

Жиналған қаражат аутизмі бар жасөспірімдер мен ересектерді кәсіби оқытуға, құрал-жабдықтар алуға және «Bolashak Charity» қорының Құзыреттілік орталығында білім беру гранттарын ұсынуға бағытталады.

Жүгіру жарысы менталдық денсаулық тақырыбына арналады — аутизм, депрессия, мазасыздық және басқа да менталдық жағдайлары бар адамдарды қолдауға бағытталған.

Қашықтықтар: 1 км, 2,5 км, 5 км, 10 км. Тіркелу: www.runforautism.kz

Бағдарламада: түрлі қашықтықтағы жүгірулер, ерекше балаларға арналған эстафета және серіктестерден сыйлықтар ұтысы.

Жүлде қорында 15-ке жуық сыйлық бар, оның ішінде: 1 тонна бензин, PlayStation 5, смартфон, 5 жұлдызды қонақ үйлерге сертификаттар, кофе мен йогурт қоры, тау велосипеді және басқа да сыйлықтар.

Run for Autism 2026 жүгіру жарысы Астана қаласы әкімдігінің, сондай-ақ серіктестер мен демеушілердің қолдауымен өтеді. Олардың қатарында: ASTANA TV, AIQYN, LITER, TURKISTAN, Aikyn.kz, Liter.kz, Turkystan.kz, Love Radio Qazaqstan және басқа да ұйымдар бар.

Run for Autism 2023–2025

Қазақстанда Run for Autism алғаш рет 2023 жылы өтті. Үш жыл ішінде оған 6 443 адам қатысып, 79 серіктес пен демеуші қосылды.

Жалпы 42 348 444 теңге жиналып, 25 инклюзияны қолдау кабинеті ашылды. Нәтижесінде 200-ден астам бала қатарластарымен бірге білім алу мүмкіндігіне ие болды.

Run for Autism — бұл тек спорт емес, аутизмді қолдауға бағытталған қоғамдық қозғалыс. Жүгіруге кәсіби спортшылар, әуесқойлар, бей-жай қарамайтын азаматтар, ерекше балалардың отбасылары және инклюзия саласындағы мамандар қатысады.

Қатысушылар географиясы Қазақстанның көптеген қалаларын қамтыды, ал 2024 жылдан бастап онлайн формат енгізіліп, халықаралық қатысушылар да қосылды.

Өмірді өзгертетін жүгіруде бірге жүгірейік.

Өтетін орны: Астана қ., Ботаникалық бақ
Күні: 26 сәуір 2026 ж.
Басталуы: 08:00

Тіркелу: https://runforautism.kz/sign-in
Эстафетаға тіркелу: https://surl.li/ncsqvm

«Bolashak Charity» қоғамдық қорына — 15 жыл

«Bolashak Charity» қоғамдық қоры 2011 жылдан бері дарынды жастарды қолдау және аутизмі мен басқа да менталдық бұзылыстары бар балаларға арналған инклюзивті білім беруді дамыту бағдарламаларын жүзеге асырып келеді.

Қор Қазақстан бойынша 90-нан астам мамандандырылған оңалту мекемелері мен кабинеттерді ашып, жабдықтады, оның ішінде 24 қалада 80 инклюзияны қолдау кабинеті жұмыс істейді. Жоба аясында ерекше білім беру қажеттіліктері бар 2 000-нан астам бала қамтылды, олардың 1 000-нан астамы үйден оқытудан шығарылды.

Инклюзивті білім беру саласында 600 жаңа мамандандырылған жұмыс орны құрылды. 4 500 маман мен ата-ана инклюзивті білім беру және қолданбалы мінез-құлық талдауы бойынша оқудан өтті. Балалар үйлеріндегі 2,5 мыңнан астам бала қордың шығармашылық бағдарламаларына қатысты.

Қордың инклюзияны қолдау кабинеттері Қазақстан Республикасында инклюзивті білім беруді дамыту бойынша эксперименттік алаңдар желісіне енгізілген. Ел бойынша Қор үлгісі негізінде 1 500 инклюзияны қолдау кабинеті ашылды.

Инклюзивті білім беруді дамыту бөлігінде заңнамалық актілерге 120-дан астам сапалы ұсыныс пен түзету енгізілді. Қор ҚР Парламенті Сенаты, «AMANAT» партиясы және министрліктер жанындағы инклюзия мәселелері бойынша жұмыс топтарының құрамына кіреді.

Қор педагог-ассистенттерге арналған «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқытудағы мінез-құлық технологиялары: диагностика, оқыту және қолдау стратегиялары» атты оқу курсын әзірлеп, іске қосты. Бүгінгі күні Қазақстанның және Орталық Азия елдерінің 17-ден астам өңірінен 4 000-нан астам маман оқытылды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары