Ата-бабаларымыз көктемгі күн мен түн теңелетін күндері әрбір әрекеттің сакралды мәні бар деп сенген: тіпті кенеттен жауған жаңбыр немесе кездейсоқ келген қонақ та отбасының бір жылдық тағдырына әсер етуі мүмкін деп есептеген. Сол себепті Наурыз мейрамында құпталатын және құпталмайтын ырым-тыйымдар бар, деп хабарлайды turkystan.kz.
Наурызға дайындықты ас үйден емес, ең алдымен үйді толық тазалаудан бастау керек. 21 наурызды лас үйде қарсы алу – жаман ырым. Жиналып қалған артық заттардан да арылу керек, өйткені бұл өмірге жаңаның келуіне жол ашады. Кейбіреулер тазарту үшін адыраспанды (көпжылдық шөптесін өсімдік) пайдаланып, үйді аластайды.
Негізгі тағам – Наурыз көже – міндетті түрде 7 түрлі ингредиенттен тұруы керек. Бірақ тек оның құрамы ғана емес, дастархандағы тағамдардың түсі де маңызды. Дастарханда ақ түсті тағамдардың болғаны жөн: қымыз, қаймақ, шұбат. Ақ дастархан отбасыға береке мен молшылық әкеледі деп есептеледі.
Наурызда қазақтар қонақтарға ерекше құрметпен қарайды. Қонақжайлыққа қатысты бірнеше қатаң қағида бар. Қонақ бала болсын, ересек болсын, тіпті асығыс болса да, оны міндетті түрде дастарханға шақырады немесе жолына сыйлық (сарқыт) береді. Қонақты құр қол жіберуге болмайды. Аш адамды тойдырсаң, өз отбасыңа байлық пен бақ-береке келеді деп сенген. Жалпы, бұл күндері қонақтарға ерекше ілтипат танытылады, сондықтан өзіңнің ренішіңді немесе наразылығыңды білдіруге болмайды.
Наурызда, сондай-ақ басқа да мерекелерде ыдыс-аяқты тарсылдатпау керек. Бір жағынан, ырым бойынша бұл сәттілікті үркітіп жібереді. Екінші жағынан, үй иесінің ыдыс тарсылдатуы – қонақтарға риза емес екенін білдіреді.
Қарлығаштарды ренжітуге немесе олардың ұясын бұзуға болмайды. Қарлығаш – жақсылықтың белгісі. Бұл көктемнің отбасыға береке әкелгенін білдіреді. Қарлығаш өте киелі құс, егер ол сіздің үйіңізге ұя салса, оған тиіспеу керек, әйтпесе бақ-берекені қашырып алуыңыз мүмкін.
Тіпті Наурыздағы ауа райы да белгі ретінде қабылданған. Бұл күні жауған жаңбыр жақсы ырым саналған — ол тазаруды және мол өнімді білдіреді. Сондықтан оған шағымданбаған.
Сондай-ақ Наурызда шаш пен тырнақ алмайды.
Наурыз күні мал төлдесе, оны сыйға бермеген. Бұл күні туған төл – молшылықтың белгісі.