Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдау мәселесі бойынша өткізілген республикалық референдумға қатысты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Өңір басшысы таңғы сағат 07:00-де Ақтау қаласының 16-шағынауданында орналасқан №68 референдум учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады.
Таңертеңгі ерте уақытқа қарамастан, облыстағы референдум учаскелеріне тұрғындар белсенді түрде келіп, дауыс беруде. Бұл маңғыстаулықтардың елдегі маңызды қоғамдық-саяси оқиғаға бейжай қарамай, азаматтық белсенділік танытып отырғанын көрсетеді.
Дауыс бергеннен кейін облыс әкімі референдумның ел болашағы үшін маңыздылығын атап өтті.
— Бүгін еліміз үшін маңызды күн. Референдум — азаматтарға өз пікірін білдіруге және мемлекеттің болашағын айқындайтын шешімдерді қабылдауға мүмкіндік беретін маңызды демократиялық тетік. Жаңа Конституция еліміздің одан әрі қарқындап дамуына, әділ заңдылық және ашықтық қағидаттарын нығайтуға бағытталған. Бұл жаңа Конституция Қазақстанның тұрақты дамуына берік негіз болады деп сенемін. Сондықтан әрбір тұрғын азаматтық жауапкершілік танытып, өз таңдауын жасауы маңызды, — деді Нұрдәулет Қилыбай.
Айта кетейік, бүгін Маңғыстау облысында 261 референдум учаскесі жұмыс істеп тұр. Өңірде референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың жалпы саны 444 198 адамды құрайды. Дауыс берушілер үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған.
Референдум Амал мерекесімен тұспа-тұс келгендіктен, өңір тұрғындары референдум учаскелеріне ұлттық киіммен келіп, мерекелік көңіл-күй қалыптастырып, азаматтық белсенділіктерін көрсетуде.