Италия үкіметі Караваджо картинасын 30 миллион евроға сатып алды

/
Италия үкіметі Караваджо картинасын 30 миллион евроға сатып алды
сурет: euronews.com / Alessio Panunzi and Alberto Novelli/© Gallerie Nazionali di Arte Antica, Ministero della Cultura

Италия ұлттық мәдени мұраны қорғау мақсатында Баррокко шебері Микеланджело Мерисидің, яғни Караваджоның сирек туындысын 30 миллион еврога сатып алды. Бұл елдің өнер туындысына жасаған ең ірі инвестицияларының бірі болып табылады, деп хабарлайды turkystan.kz euronews.com-ға сілтеме жасап.

«Монсеньор Маффео Барберинидің портреті» деп аталатын картина шамамен 1598 жылы жазылған деп есептеледі. Онда болашақ папа отызыншы жасында Апостолдық камераның дін қызметкері ретінде бейнеленген. Ол кейіннен 1623 жылы Урбан VIII папасы атанып, өнер мен Барокко сәулетінің демеушісі ретінде тарихта қалды.

Туынды өнер сыншысы Роберто Лонги 1963 жылы жазған мақаласынан кейін кең танылды. Бүгінде сарапшылар оны Караваджоның шынайы шығармасы ретінде бірауыздан мойындайды.
Картина жылдан астам жүргізілген келіссөздерден кейін жеке коллекциядан итальян мемлекетіне өтті. Енді ол Римдегі Палаццо Барберини тұрақты жинағын толықтырады. Онда туынды Караваджоның басқа шедеврлерімен, соның ішінде 1971 жылы мемлекет сатып алған «Юдифь Олоферннің басын кесіп жатыр» картинасымен қатар қойылады.

Италияның мәдениет министрі Алессандро Джули бұл сатып алуды «ерекше маңызды оқиға» деп бағалап, картинаның Италиядағы Караваджо жинағын айтарлықтай нығайтқанын атап өтті.
Бұл қадам елдің мәдени мұраны қорғау және өнер туындыларын зерттеушілер мен жұртшылыққа қолжетімді ету бойынша кең ауқымды бағдарламасының бір бөлігі болып табылады. Өткен айда Рим Антонелло да Мессинаның «Ecce Homo» туындысын да сатып алған болатын.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары