Алматыда курьердің қырағылығы тыйым салынған заттарды жеткізу әрекетінің жолын кесті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Кезекті тапсырысты орындау кезінде жеткізу қызметінің қызметкері өзіне берілген қораптың ішіндегісінен күмәнданған. Қорап ішінде тыйым салынған заттар болуы мүмкін деп күдіктенген ол бұл туралы бірден полицияға хабарлаған.
Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері аталған сәлемдемені алмақ болған адамды анықтады. Полицейлерді көрген ер адам қашуға тырысқанымен, көп ұзамай ұсталды.
Қорапты тексеру барысында оның ішінен есірткі заттарына ұқсас зат табылды.
Ұсталған адам шетелдік – Сьерра-Леоне Республикасының азаматы болып шықты. Сонымен қатар оның ел аумағында көші-қон заңнамасын бұзып жүргені анықталды.
Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Күдікті қамауға алынды.
«Бұл жағдай азаматтық жауапкершілік пен қырағылықтың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Курьер өз жұмысын атқара отырып, күмәнді жайттарды байқап, дер кезінде полицияға хабарлаған. Соның арқасында тыйым салынған заттардың таралуының алдын алу мүмкін болды. Мұндай фактілер полицияның ерекше бақылауында екенін атап өткім келеді. Азаматтарды, соның ішінде курьерлік қызметтерді заңсыз әрекеттерге тартудың кез келген әрекеті тоқтатылады», – деді Алматы қаласы Медеу ауданы полиция басқармасының бастығы Жәнібек Шынасылов.