Индонезияның оңтүстік-батысында ұзындығы жеті метрден асатын алып жылан табылып, Guinness World Records кітабына енгізілді. Мамандар жыланды өлшеп, тексергеннен кейін оған Баронесса деген ат берген, деп хабарлайды turkystan.kz.
Сарапшылардың мәліметінше, алып рептилияның ұзындығы 7 метрден асады, ал салмағы 96,5 килограмға жеткен. Бұл көрсеткіш жыланның асқазаны бос кезде тіркелген.
Зерттеушілердің айтуынша, питондар улы болмаса да, адам мен мал үшін қауіпті болуы мүмкін. Олар құрбандарын күшті бұлшықеттерімен қысып, тұншықтыру арқылы ұстайды. Кей жағдайларда ірі олжаны, тіпті сиырды да жұта алады.
Әдетте мұндай жыландар адамдар көп тұратын аймақтарға жақындамайды. Алайда табиғи мекендеу ортасының бұзылуы салдарынан олар азық табу үшін жаңа жерлерге шығуға мәжбүр болып отыр. Соның салдарынан жергілікті тұрғындар қауіптеніп, кейде жыландарды өлтіріп жатады.
Қазір Баронесса жергілікті табиғат қорғаушының арнайы қорғалатын аумағына орналастырылған. Ғалымдар бұл шешім жыланның қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, адамдардың жыландарды экожүйенің маңызды бөлігі ретінде қабылдауына көмектеседі деп үміттенеді.