Ғалымдар әйгілі италиялық шебер Антонио Страдивари жасаған скрипкалардың ағашы қай өңірден алынғанын анықтауға тырысты. Бұл туралы The New York Times басылымы жазды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Дендрохронологиямен айналысатын зерттеушілер, яғни ағаштың жылдық сақиналарын зерттейтін мамандар шебердің 284 музыкалық аспабын талдап, оларды әлемнің 6 мыңнан астам орманындағы ағаш үлгілерімен салыстырған. Нәтижесінде скрипкалардың басым бөлігі Солтүстік Италияда өскен ағаштан жасалғаны анықталған.
Зерттеуге сәйкес, Страдиваридің 1700–1725 жылдар аралығында жасалған ең үздік аспаптары, яғни оның «алтын дәуіріндегі» туындылары, көбіне Val di Fiemme таулы ормандарында өскен шырша ағашынан дайындалған. Бұл өңір ежелден сапалы ағашымен танымал.
Ғалымдар скрипкалардың үстіңгі тақтайларындағы жылдық сақиналардың саны мен еніне ерекше назар аударған. Әр ағаштың сақина өрнегі оның өскен ортасына байланысты қалыптасады, сондықтан бұл өрнек өзіндік «табиғи із» іспетті. Зерттеушілер осы ерекшеліктерді топтастырып, әлемнің түрлі ормандарындағы ағаш үлгілерімен салыстырған.
Крис Гитерман түсіндіруінше, әр орман немесе тау жотасы уақыт өте келе кең және тар сақиналардың өзіндік үйлесімін қалыптастырады. Осы арқылы ағаштың қай аймақта өскенін шамамен анықтауға болады.
XVIII ғасырдағы ағаштар туралы деректерді ғалымдар негізінен шіркеулер мен көне сарайлардағы сақталған ағаш арқалықтарды зерттеу арқылы алған. Дегенмен кейбір скрипкалардың ағашы әртүрлі аймақтардан алынғандықтан, олардың нақты шыққан орнын анықтау мүмкін болмаған.
Зерттеу нәтижелері әлемдегі ең атақты музыкалық аспаптардың бірі саналатын Страдивари скрипкаларының құпиялары әлі толық ашылмағанын көрсетеді. Соған қарамастан, олардың ерекше үнінің бір сыры дәл сол Альпі тауларындағы ерекше ормандармен байланысы болуы мүмкін деген болжам күшейіп отыр.