Отанға адал, батыл ана

/
Отанға адал, батыл ана

Адамзатқа өмір сыйлар, ұрпақ жалғастырар ұлы есім – ана. Көктем келіп, жер бусанып, бүршік жарған гүлдермен бірге жүректерге жылу ұялайтын шақта әлем болып атап өтетін ең нәзік, ең қастерлі мереке бар. Ол – 8 наурыз, алтын құрсақтан тіршіліктің шырағын жаққан арулар мен аналардың мейрамы.

Бүгінде Ұлттық ұланның қатарында да ел қауіпсіздігіне өз үлесін қосып жүрген әйелдердің қатары аз емес. Ресми деректерге сүйенсек, әскери бөлімдердегі жеке құрамның он пайыздан астамын әйелдер құрайды. Солардың бірі – 6636 әскери бөлімінің құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімшесінің аға маманы сержант Алтынай Капбасова. Ол – қызметіне адал маман ғана емес, төрт баланы тәрбиелеп отырған ардақты ана.

Алтынай Қайратқызының балалық шағы Ақмола облысының Целиноград ауданына қарасты Оразақ ауылында өтті. 1998 жылы мектеп бітірген соң, арман қуып Астана қаласына қоныс аударды. Жоғары білімді Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде заңгер мамандығы бойынша алды. Алайда өмір жолы оны әскери салаға бағыттап, міне, 24 жылдан бері осы жауапты қызметтің бел ортасында келеді.

Еңбек жолын 2003 жылдың 28 наурызында 5570 әскери бөлімінде құпия бөлімнің аға жазбашы қызметінен бастайды. Кейін 2007 жылы 3660 әскери бөліміне ауысып, ал 2019 жылы 6636 әскери бөліміне тағайындалады. Қазіргі таңда аға маман ретінде құжат айналымының мінсіз жүргізілуіне үлес қосып келеді.

Жеке өмірінде де бақытын тапқан жан. 2007 жылы болашақ жары Азаматпен танысып, 2008 жылы шаңырақ көтерді. Бүгінде берекелі отбасының тірегі, төрт перзенттің аяулы анасы.

Әскери қызмет – тәртіп пен жауапкершілікті талап ететін күрделі сала. Ал осы жауапты міндетті абыроймен атқара жүріп, шаңырақтың берекесін сақтап, бала тәрбиесіне көңіл бөлу – әрбір ана үшін үлкен еңбек. Алтынай үшін отбасы – өмірі­нің басты құндылығы. Қызметтен тыс уақытта ол бар мейірімі мен қамқорлығын балаларына арнап, олардың тәрбиелігі, білімді болып өсуіне ерекше көңіл бөледі. Ана жүрегіндегі жылу мен қамқорлық оның әр ісінен байқалады.

Тұңғышы Ахат – 16 жаста, IT Step колледжінің бірінші курс студенті. Болашақ программист-дизайнер атануды мақсат етіп, ағылшын және қытай тілдерін меңгеріп жүр. Қызы Інжу – 13 жаста. Ағылшын тілін тереңдетіп оқып, волейбол үйірмесіне қатысады. Ұлы Әмір – 9 жаста, 4-сыныпта білім алады, ағылшын тіліне қызығып, футболды жаны сүйеді. Кенже қызы Іңкәр – 5 жаста, биыл мектеп табалдырығын аттамақ, сурет салуға әуес.

- Демалыс күндері балаларыммен уақыт өткізгенді ерекше жақсы көремін. Бірге ас дайындап, ата-анама барып, отбасы болып бас қосамыз, – дейді Алтынай Қайратқызы.

Қызметте – тиянақты әрі жауапкершілігі жоғары маман, шаңырағында – мейірім мен жылудың шуағы. Ол – әскери бөлімнің сенімді тірегі, отбасының берекесі. Отанға адал қызмет пен аналық мейірімді ұштастыра білген бүгінгі қазақ әйелінің жарқын келбеті.

Жанерке МҰРАТҚЫЗЫ

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары