Ирандағы мектепке жасалған соққы: қаза тапқан 165 оқушы мен мұғалім жерленді

/
Ирандағы мектепке жасалған соққы: қаза тапқан 165 оқушы мен мұғалім жерленді
Коллаж: turkystan.kz Anadolu Agency/Х

3 наурыз күні Иранның оңтүстігіндегі Хормозган провинциясына қарасты Минаб округінде қыздар мектебіне жасалған шабуылдан қаза тапқан 165 оқушы мен мұғалімнің жаппай жерлеу рәсімі өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Мектепке зымыран соққысы АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы алғашқы шабуылдары басталған күні жасалғаны айтылады.

CNN және New York Times басылымдары әлеуметтік желілерде тараған фото және видеоларды геолокация арқылы тексерген. NYT талдауына сәйкес, екі қабатты мектеп ғимаратының кемінде жартысы жарылыс салдарынан қираған.

Кадрларда Қызыл Жарты Ай қызметкерлері мен қаза тапқандардың туыстары қан мен күлге боялған оқулықтар мен сөмкелер шашылған үйінділерді қарап жүргені көрінеді. Парталар қираған құрылыс қалдықтарының астында қалған. Құрбандардың денелері қара қаптарға салынған.

Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи мектеп оқушыларының қазасына АҚШ пен Израильді айыптады. Оның сөзінше, «160-тан астам бейкүнә қыз америкалық-израильдік бомбалау салдарынан қаза тапқан».

Министр бұл жазбасын қазылған қабірлердің суретімен бірге жариялаған.

ЮНЕСКО мектепке жасалған соққыны айыптап, білім беру орнына жасалған шабуыл халықаралық гуманитарлық құқық нормаларын өрескел бұзу екенін мәлімдеді.

New York Times мәліметінше, мектеп Иранның Ислам революциялық гвардия корпусына тиесілі әскери-теңіз базасының жанында орналасқан. Спутниктік суреттерге сәйкес, 2013 жылы ғимарат база құрамында болған. Алайда 2016 жылдың қыркүйегіне қарай мектеп аумағы қоршалып, базаға қатысы болмағаны анықталған.

Басылым куәгерлер түсірген және ирандық БАҚ таратқан видеоларда әскери-теңіз базасы аумағындағы екі ғимараттан түтін көтерілгені көрінетінін жазады. Бұл сенбі күнгі соққылардың негізгі нысанасы база болғанын меңзейді.

Халықаралық құқыққа сәйкес, мектеп, аурухана немесе өзге де азаматтық нысандарға қасақана шабуыл жасау – әскери қылмыс саналады.

Сонымен қатар бейтарап нысандарға бейберекет соққы жасауға тыйым салынған.
АҚШ Орталық қолбасшылығы азаматтық тұрғындарға зиян келтірілгені туралы ақпаратты «тексеріп жатқанын» мәлімдеді.

Ал Израиль әскері бұл ауданда қандай да бір соққы жасалғаны жөнінде мәліметі жоқ екенін хабарлады.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио журналистердің мектепке жасалған әуе соққысы туралы сұрағына жауап беріп, егер соққы АҚШ тарапынан жасалған болса, Қорғаныс министрлігі тергеу жүргізетінін айтты. Оның сөзінше, АҚШ мектепті әдейі нысанаға алмайды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары