БАҚ: Мюнхенде 500-ге жуық жолаушы ұшақта түнеуге мәжбүр болды

/
БАҚ: Мюнхенде 500-ге жуық жолаушы ұшақта түнеуге мәжбүр болды

Германияның Мюнхен әуежайында қалың қар жаууына байланысты шамамен 500 жолаушы түнді ұшақтардың ішінде өткізуге мәжбүр болды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бұл туралы DPA агенттігі Германияның ең ірі әуе компаниясы — Lufthansa өкіліне сілтеме жасап мәлімдеген.

Оның айтуынша, бейсенбі кешіне жоспарланған рейстер жұмаға қараған түні жауған қалың қарға байланысты тоқтатылған. Бұл кезде барлық жолаушылар ұшақ бортына мініп қойған, ал лайнерлер ұшуға дайын тұрған. Мюнхен әуежайының мәліметінше, автобустар мен бос тұрақ орындарының болмауына байланысты жолаушылар терминалға қайта орала алмаған. Осы себепті жолаушылар мен экипаж мүшелері ұшақтан шыға алмай, түнді әуе кемелерінің ішінде, ұшу алаңында өткізуге мәжбүр болған.

Lufthansa әуе компаниясының Сингапур, Копенгаген және Гданьск бағытындағы үш рейсінен бөлек, Air Dolomiti әуе компаниясының Грац пен Венецияға бағытталған екі рейсінің жолаушылары да зардап шекті. Жолаушыларды тасымалдайтын автобустар жұмысты тек таңсәріде қайта бастаған. Әуе компания өкілі жолаушыларды терминалға жеткізетін автобустардың неге болмағанын түсіндіре алмады, автобус қатынасын ұйымдастыруға әуежай жауапты екенін атап өтті.

Мюнхен әуежайының өзі болған оқиғаға қатысты түсініктеме бермеді. «Туындаған қолайсыздықтар үшін қатты өкінеміз», — деп әуе айлағының өкілі қысқа мәлімдемемен шектелді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары