Демократияны дамытудың заңды қадамы

/
Демократияны дамытудың заңды қадамы

Уалихан Ахатов,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Заң факультетінің деканы
з.ғ.к., профессор:

Демократияны дамытудың заңды қадамы

– Мемлекетіміздің алдағы онжылдықтардағы саяси, экономикалық және құқықтық даму бағытына тікелей ықпал ететін маңызды оқиғалардың бірі – Негізгі заңымыздың жаңа жобасын республикалық референдумға ұсынылуы. Конституция – жай ғана құқықтық құжат емес, ол мемлекеттің құндылықтық бағдары мен даму философиясын айқындайтын іргелі акт. Сондықтан оның тағдырын халықтың тікелей еркіне беру – демократиялық дамудың заңды әрі қисынды қадамы. Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қою арқылы жаңа Конституция жобасын бүкіл халықтың талқысына шығарды. Бұл шешім ел дамуының келесі кезеңіне өтудің саяси-құқықтық тетігін айқындап отыр.
Референдум – мемлекеттің ең жоғары демократиялық институттарының бірі. Әсіресе Конституция сияқты іргелі құжатқа қатысты шешімді бүкіл халықтың қабылдауы оның заңдық күшін ғана емес, моральдық-саяси легитимділігін де арттырады. Халықтың тікелей қатысуымен бекітілген Негізгі заң қоғамның шынайы сұранысына сүйеніп, ұзақ мерзімді тұрақтылықтың кепіліне айналады. Бұл – билік пен қоғам арасындағы сенімді нығайтатын, азаматтардың мемлекет ісіне ортақ жауапкершілігін арттыратын тарихи мүмкіндік.
Ұсынылып отырған жоба ұзақ әрі жан-жақты қоғамдық талқылаулардың нәтижесінде қалыптасты. Конституциялық комиссия жұмысы барысында ғылыми қауымдастық, сарапшылар, қоғамдық ұйымдар және қарапайым азаматтар тарапынан екі мыңнан астам ұсыныс келіп түсті. Олардың елеулі бөлігі қорытынды мәтінде көрініс тапты. Бұл конституциялық реформаның формалды сипатта емес, шынайы қоғамдық сипат алғанын дәлелдейді. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты осы үдерісте нақты мазмұнға ие болды.
Жобаның идеялық өзегі жаңартылған Преамбулада айқын көрініс табады. Онда Қазақстан халқының біртұтас саяси қауымдастық ретіндегі бірлігі, тарихи сабақтастық, тәуелсіздік пен аумақтық тұтастықты сақтау қағидаттары бекітіледі. «Біз, біртұтас Қазақстан халқы» деген тұжырым халықтың егемендіктің қайнар көзі ретіндегі мәртебесін айқындап, азаматтық бірегейлікті алдыңғы орынға шығарады. Бұл – этностық немесе әлеуметтік айырмашылықтардан жоғары тұратын, ортақ тағдыр мен ортақ жауапкершілікке негізделген саяси тұтастық идеясы.
Преамбулада адам, оның өмірі, қадір-қасиеті мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде танылған. Бұл тұжырым мемлекеттің азаматқа қызмет ету қағидатын нығайтады. Яғни мемлекет – өзін-өзі мақсат тұтатын құрылым емес, керісінше адамның құқықтары мен мүдделерін қорғауға арналған институт. Сонымен бірге әділеттілік, заң үстемдігі және жауапкершілік қағидаттары нақты айқындалған. «Заң мен тәртіп» ұстанымы мемлекеттік саясаттың өзегіне айналып, қоғамдық қатынастардың құқық пен міндеттердің теңгерімі негізінде дамуы бекітіледі. Бұл нормалар «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасының құқықтық іргетасын қалыптастырады.
Жаңа Конституция жобасы билік жүйесін жаңғыртуға бағытталған институционалдық өзгерістерді де қамтиды. Бір палаталы Парламент моделіне көшу заң шығару үдерісінің тиімділігін арттыруға және өкілді органның саяси жауапкершілігін күшейтуге бағытталған. Құрылтайдың құзыреттері мен өкілеттіктері нақтыланып, оның мемлекеттік басқару жүйесіндегі орны айқындалады. Бұл қадамдар билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті сақтай отырып, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» моделін жүйелі түрде жүзеге асыруға негізделген.
2026 жылғы 15 наурызда өтетін референдум – әр азаматтың ел болашағына қатысты өз ұстанымын білдіретін тарихи кезең. Халықтың тікелей еркі арқылы қабылданатын шешім Конституцияның легитимділігін күшейтіп қана қоймай, оның қоғамдық қолдауға ие болуын және ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Сондықтан алдағы дауыс беру – жай ғана саяси рәсім емес, Қазақстанның жаңа даму бағытын айқындайтын тағдырлы таңдау.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары