NIS Ақтау оқушыларынан құралған KenDala командасы Astana Hub алаңында өткен «Invest Day with My Ventures» стартаптар байқауында жеңімпаз атанып, $5000 көлеміндегі жүлде қорын иеленді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қоғамдық коммуникация орталығының мәліметінше, зияткерлік мектептің баспасөз қызметінің мәліметінше, команда 11-сынып оқушылары Абдірахим Мұрат, Садырбай Алдияр, Жолжан Азамат, Еркін Алиханнан құралды.
KenDala жобасы — Қазақстандағы туризмді жеңілдетуге арналған цифрлық платформа. Жоба туристерге маршруттар, көрікті орындар, көлік қызметі, баға саясаты, тілдік көмек және қауіпсіздік бойынша кеңестерді бір жерге жинайды. Сонымен қатар платформа жергілікті кәсіпкерлермен серіктестік орнатып, саяхатты жоспарлау үдерісін оңтайландырады.
«Біздің басты мақсатымыз — осы жазға дейін пилоттық өнімді іске қосу. Маңғыстау облысындағы тур агенттіктері мен гидтермен бірлесіп жұмыс жасап, алғашқы табысқа қол жеткізуді жоспарлап отырмыз. Алдағы уақытта KenDala-ны қазақстандық деңгейдегі толыққанды стартапқа айналдырып, еліміздегі туризм саласының дамуына нақты үлес қосқымыз келеді», — дейді команда мүшесі Абдірахим Мұрат.
Айта кету керек, зияткерлердің командасы - бұл додадағы ең жас әрі оқушылардан құралған жалғыз команда.
Astana Hub пен My Ventures венчурлық қоры ұйымдастырған ауқымды шара HR Tech және Travel Tech бағытындағы перспективалы жобаларды анықтауға арналды. Финалға іріктелген 10 команда инвесторлар алдында өз стартаптарын қорғап, бизнес-модельдері мен даму стратегияларын таныстырды.