«Баласы мүгедек болған соң күйеуі тастап кеткен»: полицей жалғызбасты анаға 9 күнде пәтер алып берді (ВИДЕО)

/
«Баласы мүгедек болған соң күйеуі тастап кеткен»: полицей жалғызбасты анаға 9 күнде пәтер алып берді (ВИДЕО)
Видеодан скриншот

Алматы қаласы Наурызбай аудандық полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторы Қанатбек Парманов жалғызбасты анаға үй алуға көмектесті. Ол қиналып отырған отбасын рейд кезінде кездестірген. Полицейден жақсылық көрген Роза Дәуренова оқиғаның қалай болғанын Sputnik Қазақстан тілшісіне айтып берді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Роза Дәуренова тағдырдың тауқыметін көрген жан. Ол Мақтарал ауданында дүниеге келген. Анасы қатерлі ісікке шалдықса, әкесінің көзжанары су қараңғы болып қалған. Ата-анаға ауыртпашылық артпаған қыз Алматыға келіп, мейірбикенің оқуына түседі.

"Тұрмысқа шыққан соң талай жыл балалы бола алмадық. Жалпы төрт құрсақ көтердім, бірақ алдыңғы үшеуі шетінеп кетті. Төрт рет ота жасалды. Содан жасанды ұрықтандыру жолымен жүкті болдым, бірақ балам шала туды. 20 жыл дегенде өмірге ұлым келді. Бірақ баламмен 3,5 жыл ауруханадан шықпадық", - дейді Роза Дәуренова.

Розаның күйеуі отбасын тастап, басқа әйелге үйленіп кеткен.

"Күйеуіме сеніп несие ала беріп едім, кейін ол басқа әйелге кетіп қалды. Негізі осы ұлымды шала босандым, перзентханадан шыққан күні ауруханаға қайта түстік. Кейде баламның ауырғаны дәрігерлердің қателігінен деп ойлаймын. Дер кезінде ем-дом дұрыс жасалғанда балам сал болып қалмас еді", - дейді Роза.

Жалғызбасты ана туыстарымен де араласпайды. Өйткені олар дімкәс баланы арнайы мекемеге өткіз деп үгіттеумен болыпты.

"Өзім Алматыда 80 мыңға пәтер жалдап тұрамын. Балама 74 мың төлемақы аламын. Негізі балама қажетті екі дәріні тегін алып тұрамын. Бірақ ол қабылдайтын дәрілер өте көп. Оның бәрін сатып алуға тура келеді. Сол полиция келген күні дәріге ақша таппай, қатты жылап отырған едім. Негізі полиция рейдке шығып, ылғи тексеріп жүреді. Оған дейін жас инспекторлар келетін. Сол күні үлкендеу кісі келді", - дейді Роза.

Көз жасы көл болып отырған ананы көрген полиция қызметкері Қанатбек Парманов неге жылап отырғанын сұраған.

"Қарындасым, неге жылап отырсың, не жағдай, біреу ренжітті ме деп сұрады. Мен басымдағы бар жағдайды айттым. Ол кісі "біздің әріптестердің тобы бар, соған салайын, мың теңге болсын дәріге көмек беріп қалар" деді. Мен ол кісінің айтқанына көніп, баламмен видеоға түсіруіне рұқсат бердім", - дейді Роза.

Бұл 19 қаңтарда болған оқиға. Отбасының ауыр жағдайын көрген полиция инспекторы Қанатбек Парманов бейнежазбада көңілі босап, жасқа булығып әрең сөйлейді.

"Халықтан 9 күннің ішінде 12 млн теңге қаражат жиналды. Оған Шымкенттен бір бөлмелі пәтер сатып алдым. Бір қиындықтың артында бір қуаныш бар деп бекер айтпаған ғой. Сол полиция қызметкері Қанат Пармановтың, сосын халықтың арқасында баспаналы болдым. Қуанышымда шек жоқ", - дейді Роза Дәуренова.

Роза Шымкенттегі пәтеріне зат алып, ішін толтырып қойған.

"Пәтер жалдап тұратын кісілерді аралап жүрген едік. Сол Роза Дәуренованың үйіне кірдім. Мүгедек баланы көріп қалдым. Анасымен таныстым. Жалғызбасты ана екен. "Балам мүгедек болған соң, күйеуім тастап кетті" деді. Өзі еш жерде жұмыс істемейді екен. Баланы тастайтын жері жоқ. Не көмек керек деп сұрап едім, дәріге ақша керек болып тұр деді. Мемлекеттен алған төлемақысы жалдап отырған пәтерақысына жетпейді екен. Әкесі алимент төлеуден, көмек көрсеуден бас тартқан. Баланы көріп, жүрегім қатты ауырды. Жаным сондай ашыды. Біздің мемлекеттің баласы жыламау керек. Қандай болсын көмек көрсетсем дедім. Банктегі шотын сұрап, көмек сұрағым келді", - деді Қанат Парманов.

Бала аунап маған қарай ұмтылды, дейді полиция инспекторы. Жалғызбасты ананың мүшкіл хәлін көрген полицей көмектесуге кіріседі.

"Видеоға түсіріп, өзімнің әріптестеріме жібердім. Мен видео олай тарап кетеді деп ойламадым. Бізге қызметтік формамен олай жасауға болмайды. Өзіміздің әріптестердің арасында қалады деп ойладым. Әріптестерім бірден 40-50 мыңнан жинап, керек-жарағын алуға көмектесе бастады. Мен негізі қатал адаммын, ешқашан көзімнен жас шықпаған. Бірақ кішкентай Жанболаттың жағдайын көріп, өзімді ұстай алмадым", - дейді полиция қызметкері.

Қанатбек Пармановтың үш баласы бар. Ол Наурызбай аудандық полиция басқармасында қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің учаскелік полиция инспекторы болып қызмет етеді. Шені – подполковник. 40 жастағы азмат Келес ауданы Жүзімдік ауылында дүниеге келген. Ол Алматы қаласы Наурызбай ішкі істер бөлімінде еңбек етеді. Бұл салада 20 жылға жуық еңбек өтілі бар. Әріптестерінің ол туралы пікірі ерекше.

"Қанат Парманов - өте қарапайым, ақылды жан, мінезі ұстамды, ашуға бой алдырғанын көрмедік. Сабырлы адам. Жанашыр, ылғи көмектесіп жүреді. Қолынан келгенше көмектескісі келіп тұрады", - дейді әріптесі полиция майоры Ермек Нұғманов.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары