Шымкентте бірнеше күнге созылған нөсер жауынның соңы қалың қарға ұласып, соның салдарынан 4-сынып оқушысы көз жұмды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қалада толассыз жауған жаңбырдан кейін жауын-шашын қарға айналып, ауыр әрі ылғалды қар ағаштарға түскен. Салмақты көтере алмаған бұтақтар сынып, кей аумақтарда электр желілері зақымданып, тұрғындар уақытша жарықсыз қалған.
Қайғылы жағдай Елшібек батыр көшесіндегі көпқабатты үйлердің бірінің ауласында тіркелді. Алдын ала мәлімет бойынша, қардың салмағына шыдамаған ағаш құлап, сол сәтте аулада жүрген 4-сынып оқушысы ауыр жарақат алған. Бала оқиға орнында көз жұмған. Оқиғаның мән-жайын Шымкент қалалық полиция департаменті анықтап жатыр.
Оқиғадан кейін Шымкент қаласы әкімдігі ресми мәлімдеме жасап, қаза болған баланың туыстарына көңіл айтты. Қала әкімінің тапсырмасымен арнайы комиссия құрылып, оқиғаның барлық мән-жайы тексерілуде. Әкімдік мәліметінше, марқұмның отбасына жан-жақты көмек көрсетіледі.
Соңғы уақыттағы құбылмалы ауа райы салдары көшелерде де күрделі жағдай қалыптасты. Арықтар бітеліп, бірқатар жолдарды су басқан. Әлеуметтік желілерде тұрғындар су жиналған көшелер мен аулаішілік аумақтардың видеосын жариялап, iKomek 109 қызметіне шағымдардың көбейген.
Қалада коммуналдық қызметтер күшейтілген режимге көшірілген. Магистральды көшелер, қоғамдық көлік бағыттары және әлеуметтік нысандарға апаратын жолдар тазартылып жатыр. Аулаішілік аумақтар мен тротуарларды ретке келтіру жұмыстары жалғасуда.
Мамандар ақпарынша, биыл қыста қар тазалау жұмыстарына 243 техника жұмылдырылып, күн сайын 2000 жұмысшы тартылды. Су басу қаупі бар учаскелер бақылауға алынып, су сору техникасы мен инертті материалдар дайындалған.