Түркістан облыстық №1 перинаталдық орталығында үшем дүниеге келді.
3 ақпан күні Сарыағаш ауданының тұрғыны жүктіліктің 33 аптасында мерзімінен бұрын босанған. Жаңа туған сәбилердің салмағы 2400, 2230 және 2060 грамм болды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, мерзімінен бұрын туған үшем патология бөлімшесіне жатқызылып, дәрігерлердің тұрақты бақылауына алынған. Алғашқы тәулікте нәрестелер тыныс алу аппараты арқылы дем алса, екінші тәуліктен бастап өздігінен тыныс ала бастаған.
– Қазіргі таңда нәрестелердің жағдайы қанағаттанарлық. Олар ана сүтімен қоректеніп, тағамды қалыпты қорытып жатыр. Бақылау кезеңінде сәбилердің салмағы 2350, 2244 және 2019 граммға жетті, - делінген хабарламада.
Дәрігерлердің оң қорытындысына сәйкес, үшем үйлеріне шығарылды. Сәбилерге Зере, Дара және Сара есімдері қойылды.
Айта кетейік, бұл отбасында бұған дейін үш ұл мен екі қыз дүниеге келген.