Жуырда «Жастар Рухы» жастар қанаты ұйымдастырған «Сөйле» тілдесу клубының төртінші маусымы басталды. 2023 жылы «Менің елім – менің тілім» жобасы аясында еліміздің 12 өңірінде ашылған клуб бүгінде мыңдаған адамның мемлекеттік тілді еркін меңгеруіне септігін тигізді. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының Семейдегі өңірлік филиалындағы қаржы бөлімінде бас менеджер болып жұмыс істейтін Екатерина Маслова ол клубқа былтырдан бері барып жүр. Еңбек жолын консультант болып бастаған Екатерина қазақ тілін үйрене бастаған соң, кәсіби қызметте жаңа мүмкіндіктерге жол ашылғанын айтады.
Бір күні қазақша сөйлеп кететінімді күткендей болды
«Алғашында «Даму» қорында 5 жылдай консультант болып жұмыс істедім. Сол кездері көпшілікпен жұмыс істеу үшін қазақ тілі қажет екенін анық түсіндім. Менен көбіне қазақша ақыл-кеңес сұрайтын. Орыс тілінде сұрайтындар тіптен аз болды. Сондықтан бастапқыда қиынға соқты. Алдыма келген көпшілік менің бір күні қазақша сөйлеп кететінімді күткендей болды. Содан соң курс қарастыра бастадым. Бағыма қарай, бір жақсы мұғалім табыла кетті. Бізде түскі ас 2 сағатқа жалғасады. Сол түскі аста қазақ тілінен жеке сабақ алып жүрдім. Курс ақылы болды. Мұғалім мені кішкене бала секілді оқытып, түрлі әдістеме қолданып, сабақты қызық өткізетін. Есесіне менен көп нәрсе талап ететін. Қазақша музыка тыңдап, кино көретінмін. Содан бері Молданазардың әндерін тыңдаймын. «Оян қазақ» пен «Метод орыстар» телехикаясын қызыға көремін. Ол туындылардың пайдасы көп тиді. Ол курста 1 жылдай оқыдым. Содан соң қазақша консультация бере бастадым», – дейді Екатерина.
Екатерина арада бірнеше уақыт өткен соң қазақ тілін одан әрі жетілдіру үшін тағы курстар іздей бастағанын айтады. Бұл жолы жалғыз өзіне ғана емес, ұлына да қазақшаны тиімді үйрететін курс табуды мақсат еткен.
«Жұмыста тегін курстар болды. Онлайн курстар да болды. Басында жақсы басталып, кейін арада үзіліс болып, бұл іс аяқсыз қалды. Сөйтіп, былтыр ұлым екеуімізге жақсы курс іздестіре бастадым. Тіпті ақылы болса да бара беремін деп шештім. 2гис-тан қазақ тілі клубтары деп іздедім. Онда табылған барлық орталыққа ерінбей хабарласып шықтым. Біріне уақытымыз сәйкес келмесе, енді бірінде оқыту деңгейі жарамады. Көбі бастауыш деңгейден бастап оқытады екен. Менің 1 жыл оқығаным бар, ол деңгейднен өтіп кеткенмін. «Сөйле» клубы – дәл мен іздеген дүние екен. Уақыттың да ыңғайы келісе кетті. Өзім топпен бірге сол клубта оқуға бел буып, ал ұлымды жеке сабақ алу үшін ақылы орталыққа жаздым. «Сөйле» клубында сабақ аптасына 2 рет өтеді. Мұғаліміміз сабақты қызық етіп өткізеді. Бізді сыныпта тек сөйлетіп қойып қарап отырамйды. Үнемі бірдеңе ойлап тауып, назарымызды «ұстап» отырады. Өз әдістемесі бойынша тиімді үйретеді. Топта деңгейіміз түрлі болса да, бәрімізге түрлі тапсырма беріп, көңілімізді аулайды», – дейді Екатерина.
Қазақ тілін үйрену анау айтқандай қиын емес
«Бір тіл білген – бір адам, екі тіл білген – екі адам» деп халық даналығы бекер айтпаса керек. Екатеринаның айтуынша, бұл – айнымас қағида. Ол көп тілді меңгеру арқылы үйренушінің білімі артып, дүниетанымы өзгеретінін алға тартады.
«Өзіңді қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінгің келсе, мемлекеттік тілді меңгергенің абзал. Қазақша білмесең бір нәрседен құр қалғандай сезінеді екенсің. Бізде жұмыста бәрі қазақша сөйлейді. Әрине, әріптестерім кейбір кезде менің көзімше орысша сөйлеуге тырысады. Алайда мен «Жоқ, сөйлей беріңіздерші. Тоқтамаңыздар. Менімен қазақша сөйлеңіздерші. Есесіне менің қазақшам жақсарады. Маған көмектесетін жалғыз адам – сіздер. Себебі үйде күйеуім, ұлыммен орысша сөйлесемін. Сіздермен ғана сөйлесуге алтын мүмкіндігім бар», – деп өтінемін. Қазір мен көбіне банктермен жұмыс істеймін. Консультант кезімдегідей көп адаммен тілдесе алмаймын. Тек әріптестеріммен ғана қазақша сөйлесемін», – дейді ол.

Екатеринаның пікірінше, қазақ тілін үйрену анау айтқандай қиын емес. Ең бастысы – сөздік қорды молайту. Ол сөздік қорын молайту үшін жеке әдістеме ойлап тапқанын айтады.
«Қазақ тілін үйрену аса қиын емес. Ережесі де басқа тілдергедігей көп әрі күрделі емес. Негізінен мұнда сөздік қор басты рөл ойнайды. Сөздік қорың молайса, еркін сөйлеп кетесің. Мен бүкіл ережені беске білемін. Тек сөздік қорым аз болған соң еркін сөйлей алмай жүр едім. Мен бұл мәселені қалай шештім дейсіз ғой? Мен қазақша сөздер жазылған стикерлерді асүйге, жуынатын бөлмеге, кіреберіс үйге іліп қоямын. Оларды жаттап, ертесі тағы бір қайталаймын. Сосын жаңа сөздер ілемін. Жұмыста да шкаф тұсында қағаздар ілініп тұр. Бұл – менің өз әдістемем. Бәлкім, біреулерге бұл тиімсіз шығар. Алайда менің көру арқылы есте сақтау қабілетім жақсы дамыған. Мен бірнәрсені үйренемін десем, маған естігеннен гөрі көрген әлдеқайда тиімдірек.
Сосын әлбетте, сөйлеген кезде қысылмау, ұялмау керек. Біздің топта оқитындардың көбі қатемен болсын, сөйлеуге ұялады. Ал менде ондай жоқ. Қателеспеуге қорықпаймын. Кей тұста күлкінішті болуы мүмкін, десе де тоқтамай сөйлей беремін. Сөйтіп-сөйтіп, бәрі түзеледі емес пе?!», – дейді ол.
Екатеринанын қазақ тілін үйренемін деушілерде өз айтары бар.
«Қазір көп тілді үйден шықпай-ақ үйренуге мүмкіндік көп. Қазақ тілін үйренгісі келетіндерге айтарым, егер курсқа баруға мүмкіндік я уақыт жоқ болса, үйде күн сайын 30 минут бөліп, қазақша үйренсеңіздер жеткілікті. Күінен 3 сөз жаттап, оны түрлі мысалға келтіріп қолданудың да пайдасы зор. 3 сөз аз болып көрінуі мүмкін, десе де 1 жылда көп сөз жаттай аласыздар. Бәрін өзіңнен бастау керек. Өзіндік тәртіп орнатсаңыз, тілді бірте-бірте еш кедергісіз үйреніп кете аласыз.
Мен қазақша шешен болуды мақсат етпеймін. Бастысы – еркін сөйлей білсем, еш кедергі болмай, орысшаға өтіп кетпей, өз ойымды іркілмей жеткізсем болғаны. Менің мақсатым – осы», – дейді ол сөз соңында.
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ