Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Петропавл қаласында өткен Наурыз мейрамы кезінде бірнеше спортшыға пәтер кілтін табыстады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Аймақ басшысының сөзінше, биыл Ұлыстың ұлы күні жаңару мен бірліктің жарқын нышанына айналып, қалаға ерекше жылулық пен шаттық сыйлаған. Сонымен қатар мереке ұлттық дәстүрлер мен заманауи технологияларды үйлестіре отырып, ұрпақтар сабақтастығын және өңірдің қарқынды дамуын айқындаған.
Әкім Наурыз күндері өңір абыройын асқақтатып жүрген азаматтарды ұлықтаудың маңызы зор екенін атап өтті.
![]()
Оның айтуынша, облыстың қысқы спорт түрлері бойынша тоғыз спортшысы әлемдік деңгейдегі жарыстарда жоғары нәтиже көрсетіп, Солтүстік Қазақстан өңірін ғана емес, бүкіл елді лайықты танытқан.
Олардың қатарында XIV қысқы Паралимпиада ойындарының чемпионы Ербол Хамитов бар.
Ол ел қоржынына алтын және қола медаль салған. Сондай-ақ конькимен жүгіру спортында өнер көрсетіп жүрген Шумековалар жоғары жетістіктерге қол жеткізген. Әсіресе Германияда өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында бес алтын және бір күміс медаль жеңіп алған Кристина Шумекова ерекше атап өтілді. Бұдан бөлек, 2026 жылғы Олимпиада ойындарында облыстан шыққан жалғыз спортшы Надежда Морозова да өңір намысын абыроймен қорғаған.
Әкімнің айтуынша, Ербол Хамитовке үш бөлмелі пәтер, Надежда Морозоваға екі бөлмелі пәтер, ал Шумековалар отбасына үш бөлмелі пәтер табысталған. Сонымен қатар бірқатар спортшылар мен жаттықтырушылар ақшалай сертификаттармен марапатталған.
Аймақ басшысы Наурыздың тек көктем мерекесі ғана емес, жаңа жетістіктерге бастар жол, ертеңге деген сенім мен қоғам бірлігінің белгісі екенін атап өтті. Ол жерлестердің жетістіктері баршаға шабыт сыйлап, игі істерге жетелей беруіне тілектестік білдіріп, әр шаңыраққа амандық, ырыс-береке мен өсіп-өркендеу тіледі.