Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің кавалері, актер және режиссер Балтабай Сейітмамытұлы 75 жасқа қараған шағында дүниеден өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Мәдениет және ақпарат министрлігі оның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
"Балтабай Сейітмамытұлы – саналы ғұмырын қазақ сахна өнеріне арнаған сирек болмысты тұлға еді. Ол Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер академиялық театры мен Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының алтын қорына айналған бейнелер галереясын қалыптастырып, классикалық және заманауи драматургияны терең философиялық оймен, биік актерлік мәдениетпен сомдай білді", - деп жазылған хабарламада.