Ғалымдар күн сәулесінің көңіл күйге қалай әсер ететінін түсіндірді

/
Ғалымдар күн сәулесінің көңіл күйге қалай әсер ететінін түсіндірді
сурет: istockphoto.com

Жаз басталғанда көп адам өзін сергек сезініп, көңіл күйінің жақсарғанын байқайды. Ғалымдар бұл құбылыстың физиологиялық әрі психологиялық негізі бар екенін растайды. Күн шуақты күндердің көбеюі көбіне эмоционалдық жағдайдың оңалуымен қатар жүреді. Ұзақ бұлтты кезеңнен кейінгі бір ғана ашық күннің өзі адамның қабылдауына әсер етіп, белсенділікті арттырады, адамдар сыртқа жиі шығып, рухани серпіліс сезінеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бразилиядағы Рио-де-Жанейро штатының Ғылыми зерттеулерді қолдау қоры жанындағы әлеуметтік психология саласының зерттеушісі бұл құбылыс ғылыми тұрғыда түсіндірілетінін айтады. Оның сөзінше, табиғи жарық адам ағзасына кешенді түрде әсер етеді.

Психология және нейробиология саласындағы зерттеулер күн сәулесі циркадтық ырғақтарды реттеуге көмектесетінін көрсеткен. Бұл ұйқы сапасының жақсаруына әкеледі. Сонымен қатар күн сәулесінің әсерінен серотонин гормоны көбірек бөлінеді. Бұл зат көңіл күйді тұрақтандыруда маңызды рөл атқарады. Осындай физиологиялық өзгерістер адамның өзін сергек әрі үйлесімді сезінуіне негіз қалайды.

Жазда өмір салты да өзгереді: күн ұзарады, қимыл-қозғалыс көбейеді, әлеуметтік байланыстар артады, адамдар далада көп уақыт өткізеді. Бұл факторлардың әрқайсысы психикалық денсаулықты қолдаумен байланысты, ал олардың үйлесуі жалпы оң әсерді күшейтеді. Сондықтан жаздағы көңіл күйдің жақсаруы күннің символдық мағынасына ғана емес, күнделікті тәртіп пен мінез-құлықтағы нақты өзгерістерге де байланысты.

Алайда жаз мезгілі баршаға бірдей жайлы кезең бола бермейді. Аптап ыстық кей адамдарда жайсыздық тудырып, ұйқыны бұзуы және ашушаңдыққа әкелуі мүмкін. Әсіресе егде жастағылар үшін бұл қиын соғады. Қатты ыстық сияқты төтенше ауа райы жағдайлары күйзеліс пен мазасыздықты күшейтуі ықтимал. Ал өмірінде күрделі кезеңді бастан өткеріп жүрген адамдар үшін жаз автоматты түрде эмоционалдық мәселені шешпейді. Керісінше, «жазда бәрі бақытты болуы керек» деген әлеуметтік күтім жалғыздық пен сәйкессіздік сезімін күшейтуі мүмкін.

Ғалымдардың айтуынша, жаз бен көңіл күйдің жақсаруы арасында байланыс бар, бірақ ол абсолютті емес. Күн сәулесі мен жылы мезгілге тән белсенділік эмоционалдық серпін береді, алайда олар терең психологиялық мәселелерді өздігінен шешіп бере алмайды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары