Алтын-күміс тас емес...

/
Алтын-күміс тас емес...
сурет: istockphoto.com

Осы аптада алтын құны тағы да тарихта болмаған көрсеткішке жетті. Жалпы, кейінгі бір жылда алтын фьючерстері 80 пайыздан астам қымбаттаған. Күміс те қалыспай тұр. Бұл жолы бағалы металдар жай ғана қаржы активі емес, геосаяси ауан индикаторына айналды.

Осылайша, алтын бағасы 5 150 доллардан асып, бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Кейінгі бір жылда фьючерстердің 86 пайызға өсуі нарықта тек уақытша алыпсатарлық емес, оған қарағанда тереңірек бір үрдіс барын аңғартады. Алтын енді инф­ля­ция­дан қорғану құралы болып қана қоймай, дол­лар мен Америка саясатынан қашу­дың символына айналып отыр. Күміс құ­нының 100 доллардан асуы да нарық­тағы үрейдің біржақты емес екенін көр­сетеді.

Тағы да Трамп

Алтын бағасының мұнша шарық­тауы­на себеп болған басты фактор – АҚШ долларының әлсіреуі. Доллар ин­дексінің 2022 жылдан бергі ең төменгі деңгейге түсуі инвесторларды балама активтерге бас сауғалатуға итермеледі. Тарихи тұрғыдан алғанда, доллар мен ал­тын арасында екіжақты байланыс бар. Бірақ қазір бұл байланыс бұрынғыдан да бе­ки түсті. Дональд Трамп әкімшілігінің экономикалық саясаты бұл үрдісті күшейтті.
Әдетте, мұндай жағдайда Вашингтон алаң­дайды. Бірақ Дональд Трамп әлсіз дол­лар үшін бас ауыртпайды: оған сауда құралы ретінде қарайды. Тарифке негіз­делген сауда стратегиясы, Еуропамен ара­дағы шиеленістер, доллардың әлсіз болуын ашық қолдау – мұның бәрі Ва­шингтонның ұзақмерзімді қаржылық тұрақтылыққа деген адалдығы туралы сұрақ туындатады. Трамптың доллар баға­мы туралы күмән-күдікке «бәрі жақ­сы» деген мәлімдемелер арқылы жауап беруі нарықтың алаң көңілін басудың орнына, керісінше, белгісіздікті өршітіп отыр.
Себебі қазір нарық Трамптың эко­номикалық логикасынан гөрі оның саяси шешімдері мен мінез-құл­қына, қадамына көбірек назар ауда­ра­ды. Гренландияны аннексиялау идеясы, тариф текетірестері, Венесуэла прези­ден­тінің тұтқындалуы, Ирандағы толқу­лар, Қытайдың күміс экспортына шектеу қоюы – бәрі бір ғана жағдайдың тобық­тай түйіні: әлем тұрақсыз. Осындай жағ­дайда инвесторлар сын-қатерден, тәуе­кел етуден қашып, «қауіпсіз айлақ» ак­тивтері қайтадан сәнге айнала бас­тады. 

Күміс те күш алды

Алтынмен қатар күмістің де рекорд межеге жетуі нарықтағы үрейдің бір­жақты емес екенін аңғартады. Күміс құ­нының 100 доллардан асуы оның ерек­ше табиғатына да байланысты.
Бір жағынан, күміс те алтын сияқты қауіпсіз активке жатады. Белгісіздік кү­шей­ген кезде инвесторлар оны да қорға­ныс құралы ретінде пайдаланады. Екінші жағынан, күміс – өндіріс металы. Элек­тро­мобиль, жасанды интеллектінің дерек орталығы, сарқылмайтын энергия инфрақұрылымы күміске деген сұра­нысты күрт өсірді.
Күмістің қымбаттауына логис­ти­ка­лық факторлар да әсер етті. АҚШ қойма­ларына кү­містің жаппай та­сы­малдануы, Лондон на­рығындағы тап­шылық пен тариф қауіп­тері нарыққа бел­гілі бір дә­ре­жеде қысым түсіргендей әсер қалдырды. Нәтижесінде, күміс баға­сы алыпсатарлық пен нақты сұраныстың түйіскен нүктесіне айналды. Бұл күмісті алтынға қарағанда құбылмалы етеді. Егер алтын сенімнің өлшемі болса, күміс әрі сенімнің, әрі индустриялық дамудың индикаторы болып отыр.

Сетінеген сенім 

Осылайша, алтын мен күмістің күрт қым­баттауы капитал қозғалы­сы­ның бағытын басқа бағытқа бұрды. Ин­вестор­лар доллардағы активтерден нақ­ты ак­тивтерге мойын бұра бастады. Бұл үрдіс, әсіресе, орталық банктердің әре­кеті мен шешімдерінен көрінеді. Кейін­гі жылдары дамушы елдердің ор­талық банктері ал­тын қорын белсенді түрде ұлғайтты.
Бұл доллардың жаһандық резерв валю­тасы ретіндегі беделіне ұзақ мерзім­де қауіп төндіруі мүмкін. Егер бұл үрдіс ары қарай жалғасын табар болса, халық­аралық қаржы жүйесі біртіндеп көп­полю­сті сипат ала бастайды. Ал алтын – осы өтпелі кезеңнің бас бенефициары.
Жалпы, мұның бәрі – жаһандық экономикалық және саяси жүйеде сенім дағдарысы ушығып бара жатқанын біл­діретін белгі. Себебі мұндай өсім, әдетте, инфляция немесе қаржы дағдарысы кезеңдерінде байқалатын. Алайда қазіргі жағдай өзгеше: нарық нақты бір дағда­рыс­тан емес, созылмалы тұрақсыздыққа жауап беріп отыр.

Шарықтаудың шегі бар ма?

Ірі инвестициялық банктер алтын бағасы әлі өседі деген болжам айтады. Олардың көбі 5 400-6 000 доллар диапа­зонын басты сценарий ретінде қарас­тыры­лып отыр. Кейбір сарапшылар одан да жоғары межеге жетуі мүмкін екенін жоққа шығармайды. 
Дегенмен, қазіргі бұл жарыс эмоция­мен жүріп жатқаны да жасырын емес. Saxo Bank атап өткендей, нарықта FOMO, яғни «үлгермей қаламын» деген қорқыныш бар. Бұл бағаның тым жылдам өсуіне ықпал етеді. Бірақ орталық банктердің жаппай алтын жинауы мен ірі инвесторлардың дол­лардан басқа активтерге көшуі бұл үрдіс тек алып­сатарлық сипатта емес екенін көрсетеді. Инвестициялық банк­тердің болжамдары да соны растайды. Goldman Sachs, Morgan Stanley, Societe Generale және Deutsche Bank алтынның 5 400-6 000 доллар диапазо­ны­на жетуін қалыпты сцена­рий деп есептейді. Мұндай сан­дар бұрын ақылға сыймайтындай көрінетін. Енді ешкімді таң қалдыр­май­ды.

P.S.
Дегенмен бұл алтын құны осылай шырқап кете бермек деген сөз емес. Егер доллар қайта күшейсе, геосаяси риторика жұмсарса немесе АҚШ-та болжауға келетін экономикалық саясат орнықса, алтынның жарқылы бәсеңдеуі мүмкін. Алайда қазіргі жағдайда нарық бір нәрсені анық түсінгендей: алтын енді тек металл ғана емес, сенім валютасы. 
Ал сенім – дәл қазір әлемдегі ең тапшы ресурс.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары