Мәжіліс депутаттары әскерге дейінгі дайындық пен әскери-патриоттық тәрбиенің сапасын арттыру мәселесін көтерді. Осыған байланысты «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Сауалда әскерге дейінгі дайындық жастардың елдік сана-сезімін қалыптастырып, Отан алдындағы борышты саналы түрде орындауға баулуда маңызды рөл атқаратыны атап өтілген. Депутаттардың пікірінше, бұл салада формалды көрсеткіштерден гөрі дайындықтың нақты сапасы шешуші мәнге ие.
Уәкілетті органдардың дерегіне сәйкес, елде әскери-патриоттық үйірмелер мен клубтардың кең желісі бар, жыл сайын жастарды қамтитын түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Алайда соңғы жылдары мерзімді әскери қызметке шақыру үдерісінің күрделеніп бара жатқаны және әскери қызметті саналы өмірлік таңдау ретінде қабылдайтын жастар санының азаюы алаңдаушылық тудырып отыр. Депутаттар мұны атқарылып жатқан шаралардың тиімділігі төмен әрі формализмнің басым болуымен байланыстырады.
Осы олқылықтарды жою мақсатында 2025 жылғы 16 шілдеде әскери-патриоттық тәрбие мен әскерге дейінгі дайындықты біртұтас жүйеге келтіруге бағытталған заңнамалық өзгерістер қабылданған. Сауалда бұл түзетулер салалық заңнамаларды үйлестіруге, әскери қызметке даярлау нысандарын нақтылап, аясын кеңейтуге мүмкіндік бергені айтылған.
Депутаттардың айтуынша, егер бұл өзгерістер толық әрі сапалы іске асса, орта білім беру ұйымдарының барлығын, оның ішінде мамандандырылған әскери мектептер мен әскери-патриоттық бірлестіктерді қамтып, дайындық шараларын, есепке алу жүйесін және нәтижелерді бағалауды бірыңғай талаппен жүргізуге жол ашар еді.
Алайда құқықтық түсіндіру жұмыстарының әлсіздігі мен жекелеген уәкілетті органдар тарапынан орындаушылық тәртіптің төмендігі заң нормаларының баяу әрі жүйесіз іске асуына әкеліп, олардың күтілетін нәтижесіне кері әсер етіп отыр, – делінген сауалда.
Мәжіліс депутаттары әскерге дейінгі дайындықты дамыту ұлттық қауіпсіздікті нығайтудың және жастардың азаматтық жауапкершілігін қалыптастырудың маңызды бағыты екенін атап өтті. Осыған байланысты барлық мүдделі мемлекеттік органдардың бірлескен күш-жігерімен ұйымдастырушылық, әдістемелік және басқарушылық жұмыстарды жандандыру қажет деген пікір білдірілді.
Сауал соңында депутаттар білім беру ұйымдары мен жастар бірлестіктері арасында әскерге дейінгі дайындықтың жаңа талаптары, оның маңызы мен болашағы жөнінде мақсатты әрі жүйелі құқықтық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді ұсынды.