Атырау облысының Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Нұрбол Сыдықов бұқаралық ақпарат құралдарына арналған брифингте «Атырау» футбол клубының жекеменшікке берілетінін айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қазіргі уақытта клубтың құнын бағалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл іске мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасының тапсырысы бойынша тәуелсіз бағалау компаниясы тартылған. Клубтың құнына оның материалдық-техникалық базасы мен спорттық нәтижелері әсер етеді. Нұрбол Сыдықовтың айтуынша, клубтың құны анықталғаннан кейін тендер жарияланып, ақпан айында саудаға шығарылады.
– Жекешелендіру бойынша арнайы тапсырма бар, соның аясында біз жұмысты бастап кеттік. Өздеріңізге белгілі, елімізде жекеменшікке берілген және жұмыс істеп тұрған клубтар бар. «Атырау» футбол клубын сату туралы шешім қабылданды. Әлеуметтік желілерде клубтың жаңа иесі аталып жүрген жарияланымдарды көрдім, алайда қазіргі таңда оны нақты сол адам сатып алады деп айта алмаймыз. Барлығы заң аясында өтеді, түпкілікті нәтиже тендердің қорытындысы бойынша белгілі болады. Әкімдік тарапынан техникалық құжаттамада сатып алушы компанияға қойылатын талаптар белгіленеді. Қазіргі уақытта әлеуетті кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізіліп жатыр, – деді Нұрбол Сыдықов.
Айта кетейік, 2017–2025 жылдары футбол клубы сенімгерлік басқаруда болған. Жергілікті әкімдік өкілдерінің пікірінше, кәсіпкер басқарған кезеңде клубтың жұмысы тиімсіз болған. Өткен маусымда команда Премьер-лигада соңғы орынды иеленді.