Жапонияның бұрынғы премьер-министрі Синдзо Абэні өлтірген Тэцуя Ямагами өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Үкімді жергілікті сот шығарды, деп хабарлайды turkystan.kz.
РИА «Новости» агенттігінің хабарлауынша, қорғау тарапы айыпталушының ауыр балалық шағын алға тартып, жаза мерзімін 20 жылмен шектеуді сұраған. Алайда айыптау тарапы бұл уәждерді қабылдамай, қылмыс жасалған кезде Ямагамидің 41 жаста болғанын және өз әрекетіне толық жауап бере алатынын атап өтті.
Синдзо Абэ 2022 жылғы 8 шілдеде Нара префектурасында өткен сайлауалды митинг кезінде оққа ұшты. Тэцуя Ямагами саясаткерге қолдан жасалған қарумен арт жағынан екі рет оқ атқан. Ауыр жараланған экс-премьер ауруханада көз жұмды.
Тергеу барысында Ямагами қылмыстың себебі ретінде Абэнің «Бірігу шіркеуімен» байланысын атаған. Оның айтуынша, анасы бұл ұйымға шамамен 100 миллион иен (740 мың доллардай) көлемінде қайырымдылық жасаған, соның салдарынан отбасы банкротқа ұшырап, балалар күнкөріссіз қалған.