"Өлтіреміз деп қорқытты": Ұлының еміне жиналған ақшаны жымқырды деп айыпталған әйел өз шындығын айтты

"Өлтіреміз деп қорқытты": Ұлының еміне жиналған ақшаны жымқырды деп айыпталған әйел өз шындығын айтты
Видеодан скриншот

Он күн бұрын күйеуі екеуі ұлының еміне жиналған ақшаны жымқырды деп айыпталып, 7 жылға сотталған Толқын Тотақанова желіге бейне жазба жүктеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

"Мен – Толқынмын. Әлтайырдың анасымын. Бүгін шындықты ашқым келеді.

Біздің расында баламыз бар. Ол – науқас.

Адамдар бізге шын көңілімен көмектесті. Олар менің ұлымды, оның жағдайын, біздің қиналғанымызды көрді. Біз шынымен оны Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан және Ресейде емдедік. 

Емге көпшілік айтқандай 6 млн теңге емес, 160 млн теңге жұмсалды.

Сол аралықта өзім бопсалаудың құрбаны болдым. Зарлыханова Жадыра, Сұлтанов Алмат және Сұлтанов Болатбек тарапынан", – дейді Толқын Тотақанова.

Оның айтуынша, ол адамдар оның науқас баласының ем-домына жиналған барлық қаражатты иемденіп алған.

"Бес жыл бойы үнемі қорқынышта өмір сүрдім.

Олар өлтіреміз, зәбір көрсетеміз деп қорқытты.

Мен ұлымның емі үшін ғана 45 млн теңге қарызға алдым. Ақырында ол адамдар 700 млн теңгеден артық қаражат алды.

Бұл жай сөз емес, аудит тексерісімен және іс материалдарымен расталған.

Бүгін бізді соттап жатыр, бірақ баламның сырқатынан пайда тапқандарды байқамайды. Олар бостандықта жүр.

Менің күйеуім әділетсіз түрмеде отыр. Неге ол адамдарды тексермейді? Олардың атында кім тұр?

Біз тек шындық пен әділеттілікті қалаймыз.

Біз ұлымыздың өмір сүргенін, оның ем-домы жалғасқанын және ешбір бала мен отбасының мұндай қауіп пен қиындыққа тап болмағанын қалаймыз", – дейді Толқын Тотақанова.

Еске сала кетейік, 10 қаңтарда Астана сотында ерлі-зайыпты Дәулет пен Толқын Тотақановтарға үкім кескен болатын. Олар әлеуметтік желі арқылы 1,5 млрд теңге жинап, оны емдеуге емес, қымбат дүкендер мен бәс тігуге жұмсағаны анықталды. Екеуі де 7 жылға сотталып, мүліктері тәркіленді. Дәулет Тотақанов сот залында тұтқындалды. Әйелінің жазасы кішкентай баласы болғандықтан екі жылға шегерілді. Сондай-ақ оларға 10 жыл бойы қайырымдылықпен айналысуға тыйым салынды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары