Елді тірлік, мемлекетті бірлік күшейтеді

Елді тірлік, мемлекетті бірлік күшейтеді
сурет: istockphoto.com

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың газетіміздің алғашқы нөміріне шыққан көлемді сұхбаты ел арасында кеңінен талқыланды. Мемлекет басшысы елімізде қордаланған күрделі мәселелерге ашық жауап беріп, мемлекетті өркендету мен халықтың әл-ауқатын дамытудың стратегиялық мазмұнын айқындап берген болатын. Газет редакциясына келіп түскен пікірлердің бір парасын оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Мереке ҚҰЛКЕНОВ,
Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы, Ұлттық Құрылтай мүшесі:

Басты идеологиямыз – Абай мұрасы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Turkistan газетіне берген сұх­баты – бүгінгі қоғам үшін аса маңызды, мазмұны терең, ойы салмақты сұхбат бол­ды. Президент бұл әңгіме арқылы ел дамуының өзекті бағыттарын атап қана қоймай, ұлттық сананы жаңғырту, оқу мәдениетін қалыптастыру, зия­лы қауымның жауапкершілігін арттыру жөнінде нақты әрі өміршең ойлар айтты. 
Президенттің мерзімді баспасөздің рөліне айрықша тоқталуы – уақыт талабынан туған өте орынды пікір. Өйткені қазіргі қысқа бейне мен жедел ақпаратқа негізделген заманда терең ой, байыпты талдау, жауапкершілігі жоғары сөз ауадай қажет. Газет-журналдар – тек ақпарат таратушы құрал емес, ұлттың ойлау мәдениетін қалыптастыратын, қоғамдық сананы тәрбиелейтін рухани алаң. Бұл тұрғыда Президенттің өзі жас кезінен бері мерзімді баспасөзді тұрақты оқитынын айтуы – қоғамға, әсіресе жастарға үлкен үлгі-өнеге болды.
Шынында да, сапалы баспасөз материалдары адамды терең ойлауға, салыстыруға, талдауға үйретеді. Ал бұл – білім мен ғылымға, шығармашылық ізденіске бастайтын ең төте жол. Оқу мәдениеті жоғары елдердің әрдайым даму көшінің алдыңғы қатарында болатыны да – тарихи дәлелденген ақиқат. Осы орайда бір жайтты айта кеткен абзал. Кезінде оқу министрі болған Асхат Аймағамбетовтің «Баспасөзге зорлап жаздыруға болмайды» деген жауапсыз сөзі министрліктің нұсқаулықтарында әлі күнге дейін сақталып отыр. Егер мұғалімдер мерзімді баспасөзді оқымайтын болса, олардың білім деңгейі, кәсіби көкжиегі қалай кеңейеді?
Сонымен қатар Президент сұхбатында көтерілген ауыл шаруашылығы мен кооперация мәселесі де ерекше назар аударуға тұрарлық. Кооперация – тек экономикалық тетік қана емес, бұл – бірлік пен жасампаздыққа негізделген тұтас идеология. Мемлекет басшысы атап өткендей, шаруаларды бірлестікке топтастыру әкімшілік қысыммен немесе науқаншылдықпен жүргізілмеуі тиіс. Мұндай тәсіл керісінше, ауылдағы сенімге селкеу түсіріп, істің нәтижесін әлсіретеді. Демек, кооперация ерікті түрде, ортақ мүдде мен нақты пайдаға сүйеніп құрылуы қажет. Бұл – демократиялық қоғамға тән, әділетті әрі өміршең ұстаным.
Осы тұрғыда кооперацияның нақты әрі тиімді бағыттарының бірі – фермерлер өндіретін табиғи, таза сүт өнімдерін санаторийлерге, емдеу-сауықтыру орындарына, әлеуметтік мекемелерге тікелей жеткізу ісін жолға қою деп ойлаймын. Ауыл шаруашылығымен айналысатын ұсақ және орта шаруалар жеке-дара нарыққа шығуда түрлі қиындықтарға тап болатыны белгілі. Ал кооперация арқылы бірігіп әрекет еткен жағдайда, олар өнім сапасын тұрақты сақтап, көлемді тапсырыстарды орындауға мүмкіндік алады.
Санаторийлер мен шипажайлар үшін де бұл – аса тиімді шешім. Себебі мұндай мекемелерге экологиялық таза, құнарлы, сапасы бақыланған азық-түлік ауадай қажет. Жергілікті фермерлерден алынған сүт, айран, қымыз, шұбат сияқты өнімдер халық денсаулығын нығайтуға қызмет етіп қана қоймай, ішкі нарықты қолдаудың нақты тетігіне айналар еді. Бұл өз кезегінде импортқа тәуелділікті азайтып, ауыл экономикасына серпін берері сөзсіз. Әсіресе, табиғи сүт пен сүт өнімдерін мектеп оқушыларының күнделікті рационына тұрақты енгізу аса маңызды. Мұндай қадам фермерлерге өз өнімдерін тиімді өткізуге мүмкіндік берсе, ал өскелең ұрпақтың денсаулығын нығайтуда табиғи өнімдердің рөлі айрықша болмақ.
Ең бастысы, мұндай кооперация шаруаларды масылдыққа емес, еңбек өнімділігін арттыруға, жауапкершілік пен өзара сенімге тәрбиелейді. Ауылдағы ағайын күнкөріс қамымен ғана шектелмей, тұрақты табыс көзіне қол жеткізіп, болашаққа сеніммен қарай бастайды. Кооперацияны дәл осындай нақты, халыққа түсінікті, нәтижесі айқын жобалар арқылы дамыту – Мемлекет басшысы көтерген ауылды өркендету саясатының маңызды бір бағыты деп білемін.
Мұнан соң сұхбаттағы тағылымды ойлардың бірі – Абай мұрасына қатысты айтылған тұжырымдар. Мемлекет басшысы Абайды аңызға айналдырып, қолдан жасалған мифтердің көлеңкесінде қалдырмай, оны ақиқат биігінен, тарихи шындық тұрғысынан тану қажеттігін атап өтті.
Абайдың «Толық адам» ілімі – уақыт пен кеңістіктен биік тұрған рухани тұғыр. Ол бүгінгі күнде де, келешек ұрпақ үшін де маңызын жоймайды. Абай адамды еңбекқорлыққа, білімге ұмтылуға, ар-ождан мен адамгершілікті биік қоюға үндеді. Қоғамдағы кемшіліктерді бүкпесіз айтып, ұлтты ішкі рухани жаңғыруға шақырған ойшылдың мұрасы – қазіргі заманда да ұлттық дамудың темірқазығы болып отыр. Абай – қазақ азаматының жан дүниесін, рухани бейнесін қалыптастыратын кемел ілім.
Осы орайда айта кетейін, біз Қазақстан Жазушылар одағы жанынан «Абайтану орталығын» ашу жұмыстарын бастап кеттік. Бұл орталық тек мәдени нысан емес, ғылыми әрі рухани орталыққа айналмақ. Оның құрамында «Абай кітапханасы», арнайы зерттеу лабораториясы жұмыс істеп, абайтану саласындағы еңбектер жүйеленіп, жаңа зерттеулерге жол ашылады. Негізгі мақсат – Абай мұрасын кешенді түрде зерттеу, оны кеңінен насихаттау және ұлы ойшылдың идеяларын қазіргі заманның талаптарымен сабақтастыра отырып, жас ұрпақтың санасына терең сіңіру.
Біз сөз етіп отырған «Абай орталықтары» барлық облыс орталықтарында және дербес қалаларда ашылған жағдайда ғана бұл бастаманың нәтижесі айқын болмақ. Мұндай игі іс еліміздің әр өңірінде жүйелі түрде жалғасын табуы тиіс. Әр облыста Абай орталығының болуы рухани бірлікті нығайтып, ұлттық сананы ортақ құндылықтар төңірегінде ұйыстыра түсері сөзсіз. Сондықтан «Абай орталықтары» мемлекеттің рухани саясаты мен ұлттық идеологиясының алдыңғы шебінде тұруы қажет.
Осы тұрғыдан алғанда Мемлекет басшысының бұл сұхбаты – зиялы қауымды, қаламгерлерді, жалпы ойлы азаматтарды ел тағдырына бейжай қарамауға, ұлт болашағы алдындағы ортақ жауапкершілікті терең сезінуге үндейді. 

Жарқынбек АМАНТАЙҰЛЫ,
Парламент Мәжілісінің депутаты:

Қазақстан цифрлық өркениетке бет бұрды

Біз Төртінші өнеркәсіпті рево­лю­ция­ның табалдырығында тұрмыз. Ке­рек десеңіз, жаңа өркениет – цифр­лық қоғамның талабына сай бір­неше сәтті қадам жасап үлгердік. Бір­ақ жүйелі жұмыстарды жалғас­тыра беру керек. Міне, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл басында Turkistan газетіне берген сұхбатында осыны айқын айт­ты. 
Расында, Қазақстан цифрлық трансформацияға қадам жасауда. Бұл – тек технологиялық жаңалық қана емес, мемлекеттің даму стра­те­гиясының басты басымдығының бірі, негізгі тірегіне айналуға тиіс. 
Цифрландыру мемлекеттік басқарудың жаңа мәдениеті, азаматқа қыз­мет көрсетудің тиімділігін арттыру, сондай-ақ экономикалық өсім мен инновациялық әлеуетті дамыту құралы ретінде қарас­ты­ры­лады.
Қазақстан цифрлық даму саласында нақты заңнамалық және инс­титуционалдық қадамдар жасады. Елде «Жасанды интеллект ту­ра­лы» заңы мен «Цифрлық кодекс» қабылданып, Жасанды интеллект жә­не цифрлық даму министрлігі құрылды. Бұл қадамдар инновацияны мем­лекеттік деңгейде қолдаудың көрінісі ғана емес, сонымен қатар ст­ра­тегиялық бақылау мен реттеудің тиімді механизмін қамтамасыз етеді. 
Мектептер мен университеттерде AI-Sana бағдарламасы арқылы 650 мыңнан астам студент цифрлық технологиялар мен жасанды ин­тел­лект негіздерін меңгерді. Одан бөлек, IT-мектептер ақпараттық тех­нологиялар саласында 16 мыңнан астам сарапшы дайындап, елдегі IT-компаниялардың саны 18 683-ке жетті. 1,5 мыңнан астам қа­тысушыны біріктіретін Astana Hub халықаралық технология паркі жұ­мысын жүйеледі. Нәтижесінде, 2023 жылы IT қызметтерінің экс­порты 529 млн доллардан асты. 2026 жылы бұл көрсеткішті 1 млрд долларға жеткізу мүмкіндігі бар. 
Сонымен қатар жоғары өнімді есептеу инфрақұрылымы дамы­тылу­да. Alem.Cloud және Al-Farabium суперкомпьютерлерінің іске қо­сылуы Қазақстанды жоғары өнімді есептеу жүйелері бар мем­лекеттер қатарына қосты. Бұл ғылыми зерттеулердің жаңа мүм­кін­дік­терін ашып, цифрлық экономика мен инновациялық жобаларды да­мытуға жол ашты. Мұның барлығы Қазақстанды цифрлық хабқа ай­налдыру бағытындағы бастамалар. 
Енді осы суперкомпьютерлерді өңірлерді цифрландыруда тиімді ме­ханизм ретінде қолдануымыз керек. Одан бөлек, елдің барлық елді ме­кендеріне жоғары жылдамдықты интернетті жеткізуді шұғыл әрі нақты шешуіміз керек. 
Бұл бағытта дамыған елдер кешенді шаралар атқаруда. Тіпті, 6G, 7G-дің мүмкіндігін сынақтан сәтті өткізіп, спутниктік интернетті та­рату тетіктерін іске асыруда. Өйткені цифрлық қоғамды өте жо­ғары жылдамдықты интернетсіз іске асыру мүмкін емес.
Әлемде АҚШ пен Қытай жасанды интеллект пен цифрлық тех­нологиялар саласында стратегиялық артықшылыққа қол жеткізу үшін белсенді жұмыс жүргізуде. Бұл саладағы бәсекелестік күн санап кү­шейіп келеді. Қазақстан да осы жаһандық үрдісті жіті бақылап, өз ор­нын нығайтуға нақты қадам жасады. 
Біз уақыт сынында кеткен есемізді дәл бүгін цифрлық индустрия ар­қылы қайтарып, озық мемлекеттермен тереземізді теңестіруге та­ри­хи мүмкіндік алып отырмыз. Цифрлық трансформация эко­но­ми­каның құрылымын жаңғыртып, әлеуметтік дамудың сапасын арт­тыратын, Қазақстанды инновациялық дамудың жаңа деңгейіне шы­ғара­тын стратегиялық факторға айналды. Ендігі міндет – осы мүм­кіндікті жүйелі әрі нәтижелі пайдалану.

Сайын БОРБАСОВ,
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Бас ғылыми қызметкері, саяси ғылымдарының докторы,  профессор:

ЖАЛҒАН КӨРСЕТКІШКЕ ЖОЛ БЕРУГЕ БОЛМАЙДЫ

Сұхбаттағы негізгі ой – қайтсек елді гүлдендіріп, халық өмірін бай-қуатты етеміз деген түйін дер едім. Осыған орай Президент эко­номикалық, қаржылық, инфрақұрылым­дық ахуалды жақсартудың тиім­ді жолдарына тоқталыпты. Көптеген шешімін таппаған қай­шылықты мәселені ашық айтыпты. Барша еңбеккерлер, бизнесмендер, қыз­меткерлер салық төлеуге міндетті. Мәселен, осы төленетін са­лық­тардың әділеттілігінде, елдің әлеуметтік-экономикалық жаңаруына қыз­мет етуінде деп түйіндейді Мемлекет басшысы. 
Президент Қазақстан қоғамындағы әлеуметтік-саяси шын­дық­тарды ашық айтады. Қазақстан халқының дүниетанымы мен тәрбиесі үшін «шындық» категориясының тағдырлық маңызына ден қояды. Мем­лекет басшысы қоғамда болатын ауытқулардан сақтандырады. Социум­да ауытқулардың басталуы кемшіліктерді, қателіктерді, қай­шылықтарды жасырудан басталады. Әрине, мемлекеттік билік жеткен же­тістіктерімен халқымен бөліскені дұрыс. Алайда жетістіктер жал­ған болмауы керек. «Қазақстан-2030», «Қазақстан-2050», «Нақты 100 қадам» сияқты ірі бағдарламалар орындалған жоқ. Қазақстан әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына әлі де қосылмады. 
Жалған есеп пен «жетістік» бүкіл қоғамға кері әсер етеді. Жергілік­ті билік жалған есеп, өтірік мағлұмат беруге дағдыланбауы тиіс. Өтірік пен жалғандық басқан қоғам кері кетері ақиқат. Президент өз сұх­батында Қазақстан осы өтіріктерден тазалануы керек өзекті ойды ай­шықтайды. Жетістіктер қоғамдық дамудың бір қыры ғана. Дамудың көзі – мемлекет қандай мәселелерді шеше алмады, қандай кем­ші­лік­тер мен қайшылықтар бар екенін білу. Президент жаңа сападағы әді­летті, халқы әл-ауқатты ел боламыз десек, дамуға бөгет болып отыр­ған ауытқу құбылыстарын дөп танып, олардан құтылудың батыл, тиімді тетіктері мен жолдарын қарастыруға міндеттіміз деп есептейді. 2025 жылы Қазақстан экономикасы 6 пайызға өсіп, жалпы ішкі өнім 300 млрд АҚШ доллары көлеміне жетіпті. 2025 жылы жан басына шақ­қандағы табыс 15 000 долларға жеткен. Сөз жоқ, бұл – позитивті жетістік. Алайда азаматтардың табысын инфляция жеп қоюда. Табыс бар сияқты, шындығында, материалдық әл-ауқатты нығайтатын жетістіктер мардымсыз. Осы қайшылықты құбылысты ашық талдап көрсеткен. 
Қазіргі саяси-әлеуметтік және экономикалық қайшылық – «ескі Қазақстанның» эгоистік мақсаты арқылы қалыптасқан олигархиялық капитализмнің көрінісі. Елде дамыған мемлекеттердегідей әлеуметтік капитализм жасалмады. Олигархтар кеңестік қоғамнан қалған зор ма­териалдық байлықтар мен ресурстарға тегін ие болып қалды. Пре­зиденттің өзі айтқандай, 162 олигарх ел байлығының 50 пайыздан ас­т­а­­мын иемденіп отыр. Сорақысы сол, олар табыстарын шетелдегі об­шор­лық аймақтарға шығаруда. Шетел­ге заңсыз шыққан, Қазақстанға қызмет етпейтін ақша көлемі өте үл­кен, 300-400 млрд доллар ша­ма­сында деп есептейді сарапшылар. Осы үлкен ақшаны «елге қайтару» ша­ралары басталғаны халықты қуант­ты. Алайда әлі де батыл қадам­дар керек. Халықтың кедейленуі, табыстың аздығының себептерінің бірі осында. «Орташа табыс қақ­па­нынан» шығудың маңыздылығына назар аударады. Халықты күнделікті тіршілігі үшін әлеуметтік инфрақұрылымның жаңаруы, коммуналды шаруашы­лықтың қалыпты жұмыс істеуі зәрулік. Ұзақ жыл бойы қалалар мен ауылдарда коммуналдық жүйеге дұрыс жөндеу жүргізілмегені белгілі. Себебі содан пайда көріп отырған топқа әлеуметтік нысандарды жаңарту пайда әкелмейтін еді. Дағдарысқа ұшыраған ауылдардың халқы, әсіресе жастар қалаларға жұмыс іздеп ағылды. Көп санды еңбек қолын қалалар сіңіре алмады. Ірі мегаполистердегі жұмыс­сыздық, халықтың бір бөлігінің ортадан «ығысуы» әлеуметтік наразылықтың тригеріне айналды. Олигаполия жылдам пайда әкелмейтін салаларға аяқ баспады. Ресурстардың көптігін, қарашаның еңбек күшін, жанар-жағар майдың арзандығын пайдаланған олигаполия милиардтап пайда табумен болды. Осындай күрделі қайшылықтарды халыққа ашық айтып отыр. 
Сұхбатта Мемлекет басшысы ауыл экономикасын өркендету мәселесіне ерекше ден қояды. Ауылда табыс бар, кейінгі 10 жылда ауыл өнімдері 2,5 есеге көбейіпті. Алайда әлі де зор мүмкіндіктер пайдаланылмай жатыр. Көптеген ауыл қаңырап тұр. «Болашағы жоқ ауылдар» деген қате наративпен тіптен шұрайлы жерлерде тұрған қоңды ауылдардың өзі халықсыз қалуда. Сондықтан нарықтық қатынастар принципінде құрылатын егін, мал, құс, көкөніс сияқты ірі ауыл шаруашылық салаларын дамыту пайдалы болады деген пікірдеміз. Шаруашылық мүшелері еңбек үлесіне қарай табыс тапса, ірі шаруашылық, үлкен мал бордақылау алаңдарын, құс, көкөніс, жеміс, жүн, тері өңдеу кешендерін игерер еді. Қазір ауылда сойылатын малдардың терісі, жүні іске аспай шіріп жатыр. Соны өңдейтін шағын фабрикалар салу қиын ба? Етті, жүнді, теріні, сүйектерді қабылдап, өңдеудің жолын тапсақ, шағын кәсіпорындар дамып, оны игеретін орта қалыптасар еді. Қазақстан азық-түлік тапшылығы анық байқалған әлемдік нарыққа ет, сүт, жүн, көкөніс өнімдерін сатып, пайдаға кенелетін елге айналар еді деген пікір бар. 
Президенттің сұхбаттағы ойларын іске асыратын ірі мемлекеттік бағдарламалар жасауға болады. Осы аталған проблемаларды шешу Қазақстан қоғамын жаңа сапалық деңгейге көтерудің кепілі бол­мақ. 

Омарәлі ӘДІЛБЕКҰЛЫ, 
Қоғам белсендісі, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Алматы қаласы филиалының директоры

ҰЛТТЫҚ БІРЛІК ПЕН ЖАУАПКЕРШІЛІК МАҢЫЗДЫ

Президенттің сұхбаты ел дамуының басым ба­ғыттарын айқындауға арналған мазмұнды саяси-публицистикалық әңгіме ретінде баға­ланды. Мемлекет басшысы сұхбатта саяси ре­фор­малар, әділетті қоғам құру, экономикалық ор­нықтылық, ұлттық бірлік пен жауапкершілік мәселелеріне кеңінен тоқталды.
Президент Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси жаңғырудың мәнін түсіндіріп, реформалардың түпкі мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыру екенін атап өтті; экономиканы әртараптандыру, нақты өндірісті дамыту, шағын және орта бизнесті қолдау қажеттігін айтты; әлеуметтік әділеттілік, өңірлер арасындағы теңсіздікті азайту, мемлекеттің халық алдындағы жауапкершілігін күшейту мәселелерін көтерді; Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясаты сақталатынын, ұлттық мүдде бірінші орында болатынын нақтылады.
Сұхбаттың жалпы рухы – елді тұрақты даму жолына түсіру, қоғамды сабыр мен парасатқа, бірлікке шақыру.
Сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдегі этникалық қазақтар – қандастар мәселесіне де арнайы тоқталды. 
Атап айтар болсақ, қандастарды тарихи Отанына көшіру – мемлекеттің маңызды гуманитарлық әрі ұлттық міндеті екенін, бұл бағыттағы саясат ойлас­тырылған, жүйелі және нақты мүмкіндіктерге сай жүргізілуі тиістігін, қандас­тарды қабылдауда тек көшірумен шектелмей, олардың жұмыспен қамтылуы, білім алуы, қоғамға бейімделуі басты назарда болуы қажеттігін жеткізді. Көші-қон сая­саты елдің демографиялық, әлеуметтік және экономикалық ахуалын ескере оты­рып жүзеге асуы тиіс екенін ескертті.
Президенттің айтуынша, қандастар – қазақ ұлтының ажырамас бөлігі, алайда бұл мәселе популизмсіз, мемлекет пен қоғамның нақты мүмкіндіктеріне сүйене отырып шешілуі керек.
Сұхбатта Қ.Тоқаев Қазақстанның болашағы берекелі бірлікке, әділетті саясатқа және жауапкершілігі жоғары билікке байланысты екенін атап өтті. Ал қандастар мәселесі ұлттық маңызы бар бағыт ретінде сақталып, оны шешуде тепе-теңдік пен ұзақмерзімді көзқарас қажет екені айқын көрсетілді.
Заң мен тәртіп еліміз дамуының басты құбыланамасына айналып келеді. Қан­дастар келіп қоныс тебуі үшін 8 өңір белгіленді. Ол жақта барлық әлеуметтік көмек пен мүмкіндік қарастырылған, ал қалған өңірлерге жалпылама тәртіппен орналаса алады. Енді барлық қандастар мигранттық санадан арылып, өзін қоғам­ның еркін мүшесі ретінде сезінуі керек. Топтық, рулық, өңірлік, жеке мүддеден мем­лекеттік сана мен ұлттық мүддені жоғары қойып, заң алдында бар  адамның құқығы бір екенін іспен дәлелдегені лазым.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары