Экран орнына кітап оқыту баланың тілін дамытады – ғалымдар

/
Экран орнына кітап оқыту баланың тілін дамытады – ғалымдар
сурет: istockphoto.com

Ғалымдар экран алдында өткізілетін уақытты кітап оқумен алмастыру мектепке дейінгі жастағы балалардың тілдік және эмоциялық қабілеттерін айтарлықтай жақсартатынын анықтады. Зерттеу Computers in Human Behavior журналында жарияланған. Нәтижеге қарағанда, бұл оң әсер экрандағы контенттің білім беруші не ойын-сауықтық болуына қарамастан байқалады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қазіргі отбасылар теледидар, планшет пен смартфонға толы ортада өмір сүріп жатыр. Ал тәулікте бар болғаны 24 сағат қана болғандықтан, бір іске бөлінген уақыт міндетті түрде басқа әрекетті ығыстырады. Ғалымдардың айтуынша, мәселе тек экранның зиянында емес, оның қандай пайдалы іс-әрекетті «алып қойғанында».

Осыны зерттеген Қытайдың Солтүстік-Батыс педагогикалық университетінің ғалымы Шифэн Ли бастаған топ «уақытты алмастыру» әсеріне назар аударған. Яғни, бала экранға кеткен уақытты кітап оқуға немесе ата-анамен бірге өткізсе, дамуда не өзгереді деген сұраққа жауап іздеген.

Зерттеуге Қытайдың Ланьчжоу қаласынан 3–6 жас аралығындағы 202 балабақша тәрбиеленушісі қатысқан. Ата-аналар балалардың күнделікті дағдысын – бірге ойнау, кітап оқу, экран қолдану уақыты бойынша егжей-тегжейлі тіркеп отырған. Сонымен қатар отбасының әлеуметтік жағдайы да ескерілген.

Экран уақыты бірнеше санатқа бөлінген: білім беру контенті мен ойын-сауық, сондай-ақ баланың құрылғыны жалғыз немесе ата-анамен бірге қолдануы. Бұл ата-ананың қатысуы экранның кері әсерін азайта ма дегенді анықтауға мүмкіндік берген.

Балалардың дамуын бағалау үшін арнайы тесттер қолданылған. Онда дыбыстарды ажырату, сөз құрылымын түсіну, таныс заттарды жылдам атау сияқты тілдік дағдылар тексерілген.

Нәтиже айқын: экран уақытының бір бөлігін бірлескен кітап оқуға ауыстырған балалардың тілдік қабілеті де, эмоциялық дамуы да жоғары болған. Зерттеушілердің айтуынша, қарапайым кітап оқу – ең тиімді әрі қолжетімді «даму құралы». Болашақта бұл ата-аналарға күнделікті таңдауда жақсы бағдар бола алады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары