Мәжіліс депутаттары Түркістан облысындағы алюминий профильдерін өндіретін кәсіпорынды аралады

/
Мәжіліс депутаттары Түркістан облысындағы алюминий профильдерін өндіретін кәсіпорынды аралады

Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Қайрат Балабиев, Ұласбек Сәдібеков, Темір Қырықбаев, Нұрсұлтан Байтілесов және Ерлан Әбдиев жұмыс сапарымен Түркістан облысы Ордабасы ауданы Бадам, Шұбарсу елді мекендеріндегі бірқатар маңызды нысанға барды.

Алдымен олар Бадам ауылдық округі «Бадам» индустриалды аймағындағы «Central Asia Aluminium Company» ЖШС жұмысымен танысты. Алюминий профильдерін өндіретін бұл кәсіпорында 200 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жобаның алғашқы кезеңінде 4,4 млрд теңге инвестиция салынған зауыт өнімінің басым бөлігі экспортқа шығарылады.

Депутаттар бұл өндіріс орны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың отандық өнім көлемін арттыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту және экспортқа бағытталған өндірістерді қолдау жөніндегі тапсырмаларының нақты жүзеге асуы екенін атап өтті.

Сонымен қатар Мәжіліс депутаттары өңірдің аграрлық әлеуетін дамыту мәселесіне де назар аударды. Ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібін ұштастыру, аграрлық өнімдерді терең өңдеу, оларды ішкі және сыртқы нарыққа шығару – Президент айқындаған негізгі басымдықтың бірі. Бұл бағытта қабылданып жатқан заңнамалық және институционалдық шаралар «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында да нақты көрініс тауып отыр.

Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаев өндірістік және аграрлық жобалардың ел экономикасы үшін мәні ерекше екеніне тоқталды.

– Өңірлерде осындай ірі өндіріс орындарының ашылуы – Мемлекет басшысы айқындап берген экономиканы әртараптандыру саясатының нақты нәтижесі. Өндіріс пен ауыл шаруашылығының қатар дамытудың маңызы зор. Парламент тарапынан инвесторларға қолайлы заңнамалық орта қалыптастыру, отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілетін арттыру бағытындағы жұмыс жүйелі түрде жалғасын табады, – деді депутат.

Жұмыс сапары барысында депутаттар жуырда Шұбарсу ауылында пайдалануға берілген 600 орындық «Парасат» жалпы білім беру мектебіне де барды. Бұл нысан – «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында, сондай-ақ Президенттің білім беру инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмаларына сәйкес жүзеге асырылған маңызды әлеуметтік жоба.

Былтыр желтоқсанда ашылған үш қабатты мектепте асхана, кітапхана, оқу залы, спорт және акт залдары, медициналық пункт, сондай-ақ заманға сай жабдықталған пәндік кабинеттер бар. 70-ке жуық адам тұрақты еңбек етеді.

Айта кетейік, Шұбарсу ауылы облыстағы тұрғындар ең тығыз орналасқан елді мекеннің бірі. 50 мыңнан астам тұрғыны бар ауылдағы 15 мектепте 12 мыңнан астам бала оқиды. Жаңа мектеп осы жүктемені азайтып, білім сапасын арттыруға ықпал етуде.

Өз кезегінде, Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев аталған жобаның стратегиялық маңызына назар аударды.

– Білім беру инфрақұрылымын дамыту – елдің болашағына салынған инвестиция. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан бұл жобалар жас ұрпақтың сапалы білім алуына және ауыл мен қала арасындағы білім теңсіздігін жоюға бағытталған. Бұл – партияның сайлауалды бағдарламасында қамтылған негізгі басымдықтың бірі, – деді депутат.

Жалпы, былтыр Түркістан облысы бойынша пайдалануға берілген 20-ға жуық жаңа мектептің 5-еуі осы Ордабасы ауданында орналасқан. Бұл өңірде әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын көрсетеді.

Жұмыс сапары қорытындысында Мәжіліс депутаттары жергілікті кәсіпкерлермен, аграрлық сала өкілдерімен және білім беру ұйымдарының басшыларымен пікір алмасып, инвестициялық ахуалды жақсарту, ауыл шаруашылығы мен өндіріс кешендерін дамыту және өңірлерге жүйелі қолдау көрсету мәселелерін талқылады. Айтылған ұсыныстар алдағы уақытта Мәжіліс қабырғасында жан-жақты қаралады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары