Ішкі биологиялық уақытты "жаңылдыратын" тағамдар аталды

/
Ішкі биологиялық уақытты "жаңылдыратын" тағамдар аталды
сурет: istockphoto.com

Science журналында жарияланған зерттеуге сәйкес, тағамдағы майлардың құрамы ағзаның маусымдық биоритмдеріне әсер етуі мүмкін. Калифорния университетінің (Сан-Франциско) ғалымдары мидың тағамдағы май түрлерін жыл мезгілдерінің ауысуы туралы белгі ретінде қабылдай алатынын анықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Майлар – энергия көзі ғана емес, жасуша мембраналарының бөлігі әрі жасушалар арасындағы сигналдарға қатысады. Әсіресе полиқанықпаған май қышқылдарына назар аударылған: табиғатта олардың үлесі суық мезгілде өсімдіктер мен жануарлар тіндерінде артады. Ғалымдар дәл осы ерекшелік ағзаға "маусымдық белгі" болуы мүмкін деп болжады.

Эксперимент барысында тышқандар "жаз" және "қыс" жарық режимдеріне ауыстырылды. Калориясы бірдей, бірақ май құрамы әртүрлі екі диета қолданылды: бірінде полиқанықпаған майлар көп, екіншісінде аз болды. Полиқанықпаған майы аз рациондағы тышқандар "қысқы" режимге баяу бейімделді: дене температурасы жоғары күйінде сақталып, зат алмасу ұзақ уақыт "жазғы" сипатта қалды.

Зерттеушілер ми тағамдағы май құрамын өзінше "биологиялық күнтізбе" ретінде қабылдауы мүмкін дейді. Адамдарда да ұқсас механизм бар екенін жанама деректер көрсетеді: осы молекулалық жүйеге әсер ететін мутациясы бар адамдарда ұйқының бұзылыстары байқалады. Дегенмен, тағам майларының адам биоритмдеріне дәл осылай әсер ететінін нақтылау үшін қосымша зерттеулер қажет.
 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары