2025 жыл Қазақстанның мәдениет саласы үшін жемісті әрі халықаралық деңгейде елеулі оқиғаларға толы жыл болды. Еліміздің рухани және мәдени әлеуетін әлемге танытатын бірнеше маңызды бастама сәтті жүзеге асырылды. Ақтау – Түркі дүниесінің мәдени астанасы болды, Абай мұрасы халықаралық деңгейде ұлықталды, жаңа музейлер ашылып, заманауи және дәстүрлі өнер үндесті.
Жыл басында Қытайдың астанасы Бейжің қаласында Қазақстанның мәдениет орталығы ашылып, ол еліміздің өнері мен рухани мұрасын халықаралық қауымдастыққа таныстыруға арналған ең ірі алаңдардың біріне айналды. Аталған орталық көрмелер, тіл курстары, білім беру және ағартушылық бағыттағы шаралар өткізу арқылы 2 000-нан астам адамды қабылдап үлгерді.
2025 жылдың мәдени кеңістігіндегі айтулы оқиғалардың бірі – композитор, дирижер, Қазақстанның халық әртісі Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойы. Айтулы дата ЮНЕСКО-ның 2024-2025 жылдарға арналған халықаралық деңгейде аталып өтетін мерейтойлар тізіміне енді.
Абай – 180
2025 жылы ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы халықаралық деңгейде аталып өтті. Италия астанасы Рим қаласында Абай ескерткіші орнатылып, бұл шара Еуропа жұртшылығының қызығушылығын тудырды. Сонымен қатар Қырғыз Республикасының Ош қаласында Абай атымен аталатын көше, ескерткіш және музей ашылды. Сондай-ақ Армениядағы Қазақстан мәдениеті күндері аясында Ереван қаласында Абай Құнанбайұлы атындағы саябақтың салтанатты ашылуы өтті. Бұл оқиға Президентіміздің Ереванға жасаған ресми сапары барысында мемлекет басшылары деңгейінде жасалған келісімдердің нәтижесінде жүзеге асты.
Хәкімнің 180 жылдығы аясында еліміздің барлық аймақтарында және шетелдерде ғылыми, мәдени, ағартушылық мазмұндағы жиындар өтті. Атап айтқанда, конференциялар, әдеби кештер, театр қойылымдары, айтыс, көрмелер мен түрлі білім жобалары халық назарына ұсынылды. Бұл мерейтойдың бір күндік емес, жыл бойына жалғасқан ауқымды бағдарлама болғанын аңғартады.
1-10 тамыз аралығында Абайдың туған жері – Семей қаласында ерекше мазмұндағы онкүндік өтті. Онда Abai Akademiyasy атты заманауи цифрлық платформаның тұсауы кесілді, этноауыл бой көтерді. Қолөнершілер фестивалі, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, театр қойылымдары, моноопера, симфониялық және дәстүрлі концерттер халық назарына ұсынылды.
Бұған қоса, жас ақындар мүшәйрасы, халықаралық ақындар фестивалі, кітап пен энциклопедиялардың тұсаукесері мен ғылыми конференциялар өткізілді. Ал 10 тамыз – Абай күні, Жидебай мен Семейде қорытынды кештермен түйінделіп, ұлттық рухты асқақтатқан мазмұнды бағдарлама өз мәресіне жетті.
Ең үздік 100 кітап анықталды
Елімізде ең үздік таңдаулы 100 кітап белгілі болды. Президент тапсырмасына сәйкес, биыл алғаш рет 23 сәуір – Ұлттық кітап күні болып атап өтілді. Осы мерекеде қазақ әдебиетін кеңінен насихаттауды көздейтін жаңа жоба – «100 кітап» сауалнамасы басталып, Абай күні қарсаңында аяқталды. Сауалнама еGov.kz порталында жүргізілді. 3 айға созылған сауалнамаға 100 мыңнан астам адам қатысып, өз таңдауын жасады.
Ақтау – Түркі дүниесінің мәдени астанасы
2025 жылғы мәдени өмірдің тағы бір айшықты оқиғасы – Ақтау қаласының Түркі дүниесінің мәдени астанасы атануы болды. Бұл мәртебе TURKSOY халықаралық ұйымының шешімімен беріліп, оны Ақтау бір реттік салтанат ретінде емес, тұтас мәдени процестің бастамасы ретінде қабылдады.
Жыл бойы қала мен өңірде түркі әлемінің ортақ құндылықтарын дәріптейтін сан алуан шаралар өтті. Ақтауда концерттер, фестивальдер, ғылыми конференциялар, көрмелер мен түрлі шығармашылық жобалар ұйымдастырылды. Іс-шаралар тек сахналық қойылымдармен шектелмей, дәстүрлі музыка, жыр-күй өнері, қолөнер шеберлігі, тарихи жады мен қазіргі заман мәдени байланыстарын тоғыстырды.
Тамыз айында Қазақстан мен Қырғыз Республикасы президенттері қатысқан Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматовқа арналған ескерткіштің ашылуы өтті. Ескерткіш Қазақстан мен Қырғыз Республикасы арасындағы рухани және әдеби бірліктің символына айналды.
Сондай-ақ биыл Армения мен Ресейде Қазақстанның мәдени күндері өтті. Ал Қазақстанда Вьетнам халқының мәдени күндері ұйымдастырылды. Мұндай іс-шаралар халықаралық мәдени коммуникацияны нығайтып, елдің шығармашылық жобаларға деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.
2025 жылы қазақстандық театрлар да айтарлықтай жетістіктерге жетті. «Астана Опера» театрының шетелдегі гастрольдері аншлагпен өтіп, театр әртістері әлемнің жетекші сахналарында жоғары бағаланды. Атап айтқанда, Нұрсұлтан Әнуарбек әлемдік операдағы ең беделді жобалардың бірі – Үлкен театрдың Жастар бағдарламасына конкурс арқылы қабылданды.
Димаш – әлемі елшісі
Еліміздің даңқын шығарып жүрген Димаш Құдайбергеннің шығармашылығы үшін де биыл жемісті жыл болды. Ол Нью-Йорктегі Madison Square Garden сахнасында жеке концерт берді. Мыңдаған аудиторияны жинаған бұл концерт қазақ өнерінің әлемге танылуына себеп болды. Нью-Йоркте Димаш Құдайберген өзінің дүниежүзілік гастрольдік турының аясында дайындалған Stranger атты арнайы бағдарламасын ұсынды. Madison Square Garden сахнасында осыған дейін Элвис Пресли, Майкл Джексон, Мадонна, Элтон Джон, Джастин Тимберлейк, Бейонсе, Тейлор Свифт, Леди Гага, The Rolling Stones сынды әлемдік жұлдыздар өнер көрсеткен. Сонда-ақ жуырда ғана Димаш Құдайберген Мысырдағы Гиза қаласында The Pyramids Echo фестивалі аясында алғашқы жеке концертін өткізді. Әнші Африка құрлығында, әйгілі Мысыр пирамидаларының жанында жеке шығармашылығын ұсынған алғашқы қазақстандық және ТМД елдерінен шыққан тұңғыш әртіс. Фестивальдің Pyramids Panorama алаңындағы жабылу концерті Қазақстан мен Қырғыз Республикасының Халық әртісі Димаш Құдайбергенге тапсырылған.
Сондай-ақ Женевада өткен жыл сайынғы сессия барысында Біріккен Ұлттар Ұйымының Халықаралық көші-қон ұйымы (ХКҰ) қазақстандық әртіс әрі гуманитарлық қайраткер Димаш Құдайбергенге жаһандық ізгілік елшісі мәртебесін берді. Бұл тағайындау Димаштың ұзақ жылдар бойғы қиын жағдайларға тап болған адамдарды қолдау ісіне деген адал қызметін білдіреді.
Сонымен қатар 2025 жыл жас өнерпаздар үшін де жемісті кезең болды. Олар әлемдегі ең ірі музыкалық байқауларда өнер көрсетіп, жеңіске жетті. Атап айтсақ, Ержан Максим Дубайда өткен Sanremo Best Song – 2025 байқауының Гран-при иегері, Александр Лим Қазанда өткен XXI «Жаңа толқын – 2025» конкурсының Гран-при иегері, Алмагүл Батталиева XXXIV «Славян базары» халықаралық өнер фестивалінің Гран-при иегері, El Voice тобы Ставропольде өткен Soldier’s Envelope – 2025 халықаралық фестивалінің Гран-при иегері, Алматы облысы Жамбыл ауданы Қайназар ауылы №1 орта мектебінің 7-сынып оқушысы Мирас Нағашыбай XXIII «Витебск» халықаралық балалар музыкалық байқауының жеңімпазы, Жасмин Түзелова Ресейдегі «Голос. Дети» музыкалық шоуының финалисі, Ернар Садырбаев (Amre) Мәскеуде өткен «Интервидение – 2025» халықаралық байқауының бас жүлдегері атанды.
Күні кеше Мемлекет басшысы «2025 жылы қазақстандық жас жазушылар мен ақындар үшін Президенттік арнаулы әдеби сыйлықты беру туралы» Жарлыққа қол қойды
Биыл жас қаламгерлер үшін Президенттік арнаулы әдеби сыйлық «Проза» номинациясы бойынша «Тергеуші» романы үшін Арман Әлменбетке, «Поэзия» номинациясы бойынша «Құмдағы хикая» өлеңдер жинағы үшін Саян Есжановқа, «Драматургия» номинациясы бойынша «Ақ киіз» драмалық шығармасы үшін Бауыржан Мұстафиевке, «Балалар әдебиеті» номинациясы бойынша «Жазда атамның ауылында...» өлеңдер жинағы үшін Асылан Тілегеновке берілді.
Қазақ фильмі Италиядағы фестивальде үздік атанды
Қазақстандық режиссер Асхат Кучинчерековтың «Бауырына салу» фильмі Италияның Иския аралында өткен 23-ші Ischia Film Festival халықаралық кинофестивалінің бас жүлдесін жеңіп алды. Аталмыш туынды «Үздік толықметражды фильм» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. Фильм Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің және Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген.
Өнер мұражайлары ашылды
Биыл Астана мен Алматыда жаңа өнер мұражайларының ашылуы – ұлттық мұра мен заманауи өнерді сақтау мен насихаттаудың жаңа белесі ретінде айқындалды.
Астанадағы «Өнер музейі» қазан айында ресми түрде ашылып, ұлттық мәдениетке құнды үлес қосты. Мұражай қорында 1 600-ден астам ұлттық музыкалық аспап бар. Оның ішінде ел ішінде сирек кездесетін желбуаз, мес сырнай, уілдек, тастауық секілді аспаптар музейге қойылды.
Экспозициядан ұлттық киімдер мен қолданбалы өнер бұйымдары да орын алды. Сонымен қатар, мұражай жанынан ашылған ғылыми-зертханалық шеберхана – көне аспаптарды қалпына келтіріп, зерттеу жұмыстарын жүргізетін алғашқы отандық зертхана саналады. Бұл – дәстүрлі өнерді сақтау жолындағы нақты әрі мағыналы қадам.
Алматы қаласында ашылған Almaty Museum of Arts – Орталық Азиядағы алғашқы ірі жеке заманауи өнер мұражайы саналады. Мұнда Қазақстан, Орталық Азия және шетелдік суретшілердің 700-ден астам заманауи жұмысы жинақталған. Мұражай архитектурасы қала келбеті мен табиғи көріністерді үйлестіре отырып салынған. Ол тек өнер кеңістігі емес, ашық диалог пен креативті бастамаларға арналған қоғамдық ортаға айналды.
Театр саны көбейеді
Биыл Қазақстан мәдениет саласындағы инфрақұрылымды нығайтып, шығармашылық мүмкіндіктерді арттырып, мәдениет қызметкерлерін қолдауды күшейтті.
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда өңірлік театрларды дамыту қажеттігін ерекше атап өтті. Осыған байланысты Астана қаласында «Жастар» театры ғимаратын жөндеу жоспарланып отыр. Сондай-ақ Қуыршақ театрына жаңа ғимарат салу мәселесі қарастырылуда.
Алдағы жылдары Семей, Қонаев және Ақтөбе қалаларында жаңа драма театрлары бой көтермек.
2025 жылы барлығы 61 мәдени нысан салынды. Өңірлерде 251 нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ елорда тарихын зерттеудің маңызды орталығына айналатын «Бозоқ» археологиялық паркін құру жұмыстары жалғасып жатыр.
Қайрат Байбосынов – Қазақстанның Еңбек Ері
Мемлекет мәдениет қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау көрсетуге ерекше мән береді. Азаматтық қызметкерлердің кей санаттары бойынша жалақы кезең-кезеңімен көбейтіледі. 2022 жылдан 2025 жылға дейін мәдениет және архив ұйымдарында жұмыс істейтін 64 мың қызметкердің жалақысы жыл сайын 20 пайызға артты. Мемлекет өнер саласында қызмет ететін мамандарды стипендиялар мен марапаттар арқылы қолдап келеді. Жыл басында 75 мәдениет қызметкері мемлекеттік стипендияға ие болды. Президент Жарлығына сәйкес бірқатар азамат Қазақстан мәдениетін дамыту мен насихаттауға қосқан үлесі үшін марапатталды.
Мемлекет басшысының Жарлығымен ұлттық өнер майталманы, Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті РММ-нің профессоры Қайрат Әукенұлы Байбосыновқа Қазақстанның Еңбек Ері атағы беріліп, «Отан» орденімен марапатталды. «Бүгін ұлттық өнердің майталманы Қайрат Байбосыновқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы беріледі. Халқымыздың жан-дүниесін айшықтай көрсететін халық өнері әрдайым төрде болуы керек. Бұл марапат – әйгілі әншінің өлшеусіз еңбегі мен ұлттық өнерімізге деген ерекше құрметтің белгісі», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
2025 жыл Қазақстан мәдениетінің халықаралық кеңістіктегі беделін көтерген маңызды кезең болды. Ел ішіндегі мерекелермен қатар, шетелдерде өткен шаралар қазақ мәдениетінің өрісін кеңейтіп, ұлт руханиятының әлемдік деңгейде мойындалуына ықпал етті. Бұл – еліміздің мәдениет пен дипломатияны үйлестіре отырып, өркениетті диалогқа үндейтін жолды берік ұстанғанының айғағы.
Наурызбек САРША