Стоматологиядағы баланың өлімі: Анестезиологқа үкім шықты

/
Стоматологиядағы баланың өлімі: Анестезиологқа үкім шықты
istockphoto.com

Астанада жеке стоматологиялық клиникада 18 тісін емдетіп, көз жұмған үш жасар қыздың өліміне қатысты іс бойынша сот процесі аяқталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Сот анестезиолог-дәрігерді кінәлі деп таныды, алайда Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына орай жарияланған амнистияға байланысты оны негізгі жазадан босатты.

— Ж-ны Қылмыстық кодекстің 317-бабының 3-бөлігі бойынша көзделген қылмыстық құқықбұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танып, екі жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы, сондай-ақ үш жыл мерзімге медициналық қызмет көрсетуге байланысты лауазымдарды атқару құқығынан айыру жазасы тағайындалсын. Қазақстан Республикасының 2025 жылғы 23 маусымдағы «Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына байланысты Амнистия туралы» заңының 2-бабы 1-тармағына сәйкес Ж негізгі жазаны өтеуден босатылсын, — деді үкімді оқыған судья.

Анестезиолог Қылмыстық кодекстің 317-бабының 3-бөлігі — «Медициналық немесе фармацевтикалық қызметкердің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы, абайсызда адам өліміне әкеп соғуы» бойынша айыпталып, сотқа тартылған.

Сот отырысы барысында айыпталушы өз кінәсін толық көлемде мойындамайтынын және тағылған айыппен жалпы келіспейтінін мәлімдеген.

Сондай-ақ ол кәмелетке толмаған науқастың аурулары туралы білмегенін айтқан.

Еске салайық, қайғылы оқиға 2024 жылғы 30 қазанда Астанада болған. Жеке стоматологиялық клиникада наркозбен тістерін емдеткен үш жасар қыз бала оянбаған.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары